Ұлттық бірыңғай тестілеу – жауапты кезең
Қарағанды облысында мектеп түлектері үшін ең жауапты кезеңдердің бірі – Ұлттық бірыңғай тестілеу жалғасып жатыр. 5-шілдеге дейін өтетін сынақта мыңдаған оқушы білім деңгейін дәлелдеп, жоғары оқу орындарына мемлекеттік грант жеңіп алу үшін бақтарын сынауда. Бұл – тек білім ғана емес, қажыр мен төзімділік сыналар маңызды кезең. Түлектердің бабы мен бағы сыналатын осы сәт ел назарында.
Биылғы ҰБТ маусымы жылдағыдай қарбаласпен емес, салыстырмалы түрде сабырлы жағдайда өтіп жатыр. Мамандардың айтуынша, бұл бір жағынан талапкерлерге берілген бірнеше мүмкіндіктің арқасы. Ұлттық тестілеуге қатысқан түлектердің басым бөлігі техникалық бағытты – атап айтқанда, «Математика-Физика» және «Математика-Информатика» пәндер жұбын таңдаған. Сарапшылар мұны IT саласының қарқынды дамуы мен осы бағыттағы грант санының артуымен байланыстырып отыр. Сонымен қатар биология мен химия пәндеріне қызығушылық танытқандар да аз емес, бұл медицина мен биотехнология саласына бет бұрғандардың көбейгенін аңғартады. Ал грант саны өткен жылмен салыстырғанда аса өзгермегенімен, білім алуға ынталы жастар үшін бағыттар бойынша таңдау мүмкіндігі кеңейе түскен.
— Ұлттық бірыңғай тестілеуде ешқандай өзгеріс жоқ. Әдеттегідей 5 пән, 120 сұрақ. 4 сағат уақыт беріледі. Аппелициялық шағым түсіретіндер де азайған. Мамандар түлектерден тек адалдықты ғана талап етеді, – дейді Ұлттық тестілеу орталығы облыстық филиалының директоры Динара Баймағамбетова.
Биылғы ҰБТ жүйесіндегі жаңашылдықтардың бірі – оқушыларға тестті екі рет тапсыру мүмкіндігінің берілуі. Бұл – талапкердің ең жоғары нәтижесін таңдап, грант конкурсына қатысуына жол ашатын маңызды мүмкіндік. Мамандардың айтуынша, бұл өзгеріс түлектердің психологиялық қысымын азайтып, емтихан барысындағы уайым мен күйзелісті жеңілдетуге бағытталған. Енді оқушылар бірінші мүмкіндікте қателік жіберсе де, екінші мәрте өз білімін дәлелдеу арқылы болашаққа нық қадам жасай алады. Бұл тәсіл олардың өз-өзіне сенімділігін арттырып, оқу үлгеріміне де оң әсерін тигізіп отыр.
— Ақыл-кеңесті ата-аналарға айтқым келеді. Баланы қыспаққа алмай, сабырмен, байыппен түсіндіру керек. ҰБТ өмірдегі ең маңызды нәрсе емес, емтиханнан сүріну соңғы мүмкіндік емес екенін еске салса деймін. Тыңғылықты дайындалып, өз күші, білім жеткенше сабырмен тапсыруын қадағалап, жиі сөйлесуі керек, –дейді психолог Жанар Тамабаева.
Облыста ұлттық бірыңғай тестілеудің негізгі кезеңіне қатысу үшін 7 445 адам өтініш берген. Қазақ тілінде — 4 447 түлек, орыс тілінде – 2 989, ағылшын тілінде – 9 түлек тапсырады.
Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,
«QH»