Ұлт жоқшысына ұрпақ құрметі

Биыл Ақселеу Сейдімбектің туғанына 80 жыл толды. Ұмытыла бастаған ұлттық құндылықтарды зерттеп, қазақ этнографиясына, тарихы мен әдебиетіне айшықты із қалдырған тұлғаға ұрпақ құрметі шексіз. Ал аяулы азаматтың ғылым саласында салып кеткен сара жолын жалғастыру – парыз. Биыл шығармашыл жастарды қолдау және этнографияны насихаттау мақсатында Қарағанды облыстық тілдерді дамыту басқармасы республикалық әдеби-шығармашылық байқау ұйымдастырған еді. Жүзден жүйрік шыққан жас қаламгерлер мен этнографтарды марапаттау шарасы Қарағанды мемлекеттік университеті қабырғасында өтті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқаудың басты мақсаты – облыс тұрғындарының тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиет пен көсемсөз жанрын жандандыру, өзіндік жазу өрнегі бар жас жазушыларды, көсемсөз шеберлерін анықтау және ұлы дала тарихы мен мәдениеті, ұлттық салт-дәстүр, ұлттық болмыс мәселелеріне арналған шығармаларды насихаттау.

Салтанатты шараға Абай атындағы мемлекеттік сыйлық иегерлері Серік Ақсұңқарұлы мен Ғалым Жайлыбай, жазушы Әлібек Асқаров, профессор Қойлыбай Асан сынды көрнекті тұлғалар қатысып, жүлдегерлерге марапат ұсынды.

Өз кезегінде басқарма басшысы бұрын облыстық деңгейде ұйымдастырылып келген байқаудың биыл қанатын кеңге жайып, республикалық дәрежеде өткізіліп жатқанын тілге тиек етті.

– Ақселеу Сланұлы атындағы республикалық байқау айтулы тұлғаның мерейтойына орай биыл алғаш рет республикалық деңгейде ұйымдастырылып, жүлде қоры ұлғайтылды. Бұған дейін облыстық деңгейде өтіп келген.

Қазақ шежіресінің білгірі, зерттеушісі бола білген ғалым сан ғасырлық салт-дәстүрімізді қайта жаңғыртып, келер ұрпаққа мұра етіп қалдырды. Ғылым теңізінің тұңғиығына сүңгіп, тарих қатпарларынан сыр аша білді. Публицист әрі журналист ретінде оның еңбектері отандық журналистиканы жаңа деңгейге көтерді. Әдебиеттанушы және ғалым ретінде қазақтың ауызша тарихын жаңғыртты. Осы мұраны барынша сақтап, елге насихаттап, өскелең ұрпақтың жадында жаңғырту – біздің басты парызымыз, – деді Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Гүлнарайым Қаңтарбекова.

Хош делік, сонымен, биылғы байқаудың бас жүлдесі астаналық Ғылымнұр Қадірбайға бұйырды. Ал жас жазушылар арасында І орын Жезқазған қаласынан келген ақын Абай Оразға, ІІ орын ақтөбелік Жақсылық Әлиханға, ІІІ орын өскемендік Әсемгүл Серікболқызы мен қарағандылық Сабина Игілікке бұйырды. Жас көсемсөз шеберлері (публицистер) арасында І орынға алматылық Ақниет Ералиева, ІІ орынға Семей қаласынан келген Жансая Сағындықова, ІІІ орынға қарағандылық Үміт Жұман лайық деп танылды.

Жас этнографтар арасындағы байқаудың І орны жаңаарқалық Мейіржан Мұхамеджановқа бұйырса, ІІІ орынға қызылордалық Ерасыл Шәрібек лайық деп танылды.

Байқау жеңімпаздары марапатталған салтанатты жиында есімі елге танымал өнерпаздар Ақселеудің әндерін әуелете шырқап, жас ақындар өз шығармашылықтарынан өлең оқыды.

Арман АБИЛҚАСЫМОВ,

«QH»