Ұлт ұстазының мұрасы ұлықталды

Биыл ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл. Ұлы тұлғаның мерейтойына орай Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектеп- гимназиясынан «Ахметтану дәрісханасы» ашылды. Ал қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдеріне ағартушының педагогикалық мұрасы кеңінен дәріптелді.

Заманауи кабинет тілдік, ұлттық және әдеби мұра бағытында жұмыс істейді. Себебі 2014 жылдан бастап осы оқу ошағында ағартушы атындағы курс жүйелі түрде жүргізіледі. «Ахмет Байтұрсынұлының педагогикалық мұрасы» атты форумның мәні мен маңызы зор. Рухани шараға қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері, ғалымдар мен мемлекет қайраткерінің туған- туыстары жиналды.

— Ахмет өзекті ме? Оның педагогикалық идеялары осы күні қолданылып жатыр ма? Форумның мақсаты — осы сұрақтарға жауап іздеу. Сол себепті осы гимназияда қаладағы мектеп ұстаздарының басын қостық, — дейді Қалалық білім бөлімінің басшысы Есентай Әшімов

Ауқымы кең жиында «Ұлт ұстазы ізімен» атты білім көрмесі ұсынылды.

— Білім көрмесінде ұлт ұстазының «Ақ жол» еңбегіндегі асыл сөздерімен оқушыларды адамгершілікке, татулыққа, ауызбіршілікке, бірлікке, ынтымаққа шақыру, Ахмет Байтұрсынұлының педагогикалық ойларын бүгінгі таңда қалай іске асыруға болатыны айтылды, — деп тарқатты мектеп- гимназия директоры Сән Ізтөлеуова.

«Алаштың Ахметі» атты қалалық ғылыми- тәжірибелік конференция пленарлық отырысқа ұласты. Басқосуда қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалымның нақыл сөздері, педагогикалық мұрасы және терең ойларын зиялы қауым сана биігінде салмақтап саралады. Ұлтын шетсіз- шексіз сүйген ұлы тұлғаның өлмейтін мұрасы осылайша жаңаша жаңғырды.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА, «QH»