Ұлт сөзін ұлықтағандар марапат төрінде
Астана қаласында әдебиет пен өнер саласындағы Президенттік мемлекеттік стипендияны табыстау рәсімі өтті. Мемлекет басшысының атынан стипендияны Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева табыс етті. Салтанатты жиын ел руханиятына өлшеусіз үлес қосып жүрген мәдениет қайраткерлеріне көрсетілген жоғары құрметтің айғағы болды.
Жыл сайын тағайындалатын бұл мемлекеттік қолдау отандық мәдениетті дамытуға сүбелі үлес қосқан өнер иелері мен шығармашылық қызметкерлерге, сондай-ақ болашағынан үміт күттіретін жас дарындарға беріледі. Биыл Президенттік стипендияға барлығы 75 адам ие болды. Олардың қатарында елімізге кеңінен танымал мәдениет майталмандары да, халықаралық деңгейде танылып жүрген жас таланттар да бар.
Стипендиаттар қатарында Жандарбек Мәлібеков, Меруерт Өтекешова, Роза Мұқанова, Самал Еслямова, Ермек Асылханов, Қайрат Байбосынов сынды өнер қайраткерлерімен бірге опера әншісі Мария Мудряк, театр актрисасы Алтынай Нұрбек, театр және кино актері Бәзіл Сұлтанғазы, актриса Екатерина Максим сияқты дарынды жастар да марапатталды. Бүгінде бұл өнер иелері қазақстандық мәдениетті шетел сахналарында танытып, ел абыройын асқақтатып жүр.
Жаңа жыл қарсаңында жарияланған стипендиаттар тізімінде қарағандылық жерлестеріміздің болуы өңір жұртшылығы үшін зор қуаныш болды. Әдебиет қайраткерлері аталымында ақын, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серік Ақсұңқарұлы Президенттік стипендия иегері атанды.
Сондай-ақ бұл мәртебелі марапат ақын, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы мен Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбайға табысталды. Бұдан бөлек, жазушы, «Құрмет» орденінің иегері, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Дидар Амантай мен республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері ақын Айзада Рахымжанова да мемлекеттік қолдауға ие болды.
Мәдениет өкілдерінің айтуынша, бұл стипендия – олардың ұлт руханиятын дамытуға, ұлттық мұраны сақтауға және қазақ мәдениетін әлемге танытуға қосқан еңбегіне берілген жоғары баға. Мемлекеттік қолдау шығармашылық иелерінің кәсіби шеберлігін арттырып қана қоймай, жаңа идеялар мен тың жобалардың жүзеге асуына серпін береді.
Айта кетейік, елімізде мәдениет саласын жүйелі дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Соңғы бес жылда бұл салаға бөлінетін қаржы көлемі екі есе артты. Республика бойынша 150-ден астам жаңа мәдениет нысаны пайдалануға беріліп, оның ішінде 9 театр, 18 музей және 50-ден астам кітапхана ашылды. Сонымен қатар 200 мың сақтау бірлігіне арналған 4 аудандық мемлекеттік архив ғимараты салынды.
Әдебиетті қолдау да мемлекеттің басым бағыттарының бірі. Соңғы жылдары тағайындалған Президенттік әдеби сыйлық пен «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы жас қаламгерлердің шығармашылығын насихаттауға жол ашты. Бүгінде бұл марапаттарды 40 қаламгер иеленген. Ал баспа саласында 2025 жылы 119 атаулы кітап жарық көріп, олар елдегі көпшілік кітапханаларға таратылды.
Мәдени инфрақұрылымды жаңғырту, шығармашылық иелерін қолдау және рухани құндылықтарды дәріптеу Қазақстанның бірыңғай мәдени кеңістігін нығайтып, елді халықаралық деңгейде мәдениеті мен өнері арқылы танытуға мүмкіндік беріп отыр
Ералы ҒАНИ,
«QH»

