Ұлт рухын ұрпаққа жалғаған отбасы
Республика күні – елге қызмет етуді парыз санайтын, Отанға деген сүйіспеншілігін іспен дәлелдеген жандардың мерекесі. Қарағанды облысында тұратын Лидия Азаматованың отбасы – патриоттықтың, ұлттық құндылыққа деген құрметтің жарқын үлгісі. Олар ата-баба аманатын ардақтап, қазақтың дәстүрі мен рухын ұрпақ тәрбиесінің өзегіне айналдырған.
Абдулла Азаматов – теміржол саласының тәжірибелі маманы, 8 жыл бойы осы бағытта еңбек еткен. Кейін отбасылық шаруашылықты қабылдап, оны дарынымен дамытып келеді. Қазіргі таңда оның жайылымында 300 бас жылқы, 200 ірі қара және 1 000-нан астам қой өсіріліп, шаруашылық табысты дамуда. Абдулла ауылдағы қазақ мектебінде білім алған, ал қалаға оқуға келген кезде орыс тілінде сөйлеу оған қиындық тудырғанын еске алады. Оның әкесі өзбек, ал анасы молдован ұлтынан. Анасы Лидия Михайловна 1978 жылы Молдовадан келіп, Шет аудандық ауыл шаруашылығы техникумына түскен. Сол алғашқы күннен бастап қазақ халқының қонақжайлығы мен жылулығы оны ерекше таң қалдырған.
– 1978 жылы келдім. Бастапқыда жаңа елге, жаңа ортаға бейімделу қиын болды, әрине. Ең бастысы – тіл мәселесі болды. Қазақ тілін толық білмейтінмін, сондықтан бастау өте қиын еді. Бірақ қазақ халқының қонақжайлығы мен жылы қабылдауы ерекше әсер етті. Олар мені үйімдей қабылдады, көмектесуге әрқашан дайын болды. Бұл мені қатты қуантты және жаңа ортаға тез бейімделуге көмектесті. Қазақтар мені отбасы мүшесі сияқты қабылдады. Бұл қонақжайлық, мейірімділік мені әрдайым жігерлендіріп, қиындықтарды жеңуге күш берді. Мен үшін бұл ерекше тәжірибе болды. Маған мәдениеттер арасында көпір болуды үйретті. Өзімнің түпкі мәдениетімді құрметтей отырып, қазақ халқының дәстүрлерін де бағалауды үйрендім. Бұл менің өмірімнің маңызды бөлігі болды, – деді Лидия Азаматова.
Студент қыз осы жерде болашақ өмірлік серігін кездестіріп, отбасы құрады. Жас келіншек ауылдың тұрмыс-тірлігін ептілікпен жүргізіп, 35 жыл бойы жайлауда мал бағумен және қиын қара жұмысқа белсене араласып келеді. Кейіпкеріміз қазақтың ұлттық дәстүрлерін жоғары бағалап, рухани тамырларына адал болуға тырысады. Ұлын үйлендіріп, қыздарын қазақ салтына сай барлық жөн-жоралғылармен ұзатып, ата-баба құндылықтарын ұрпаққа жеткізуді мақсат етеді.
– Мен молдован ұлтынанмын, бірақ қазақ жерінде ұзақ жылдар өмір сүрген соң, қазақтың дәстүрлері мен салт-дәстүрлеріне үлкен құрметпен қараймын. Олар өте бай және терең мәнге ие. Қазақ дәстүрлері мені рухани жақтан толықтырады, отбасыма берік ірге құруға көмектеседі. Қазақ дәстүрлері – бұл бірлік пен сыйластықтың негізі. Олар арқылы мен отбасыма, ұрпақтарға жақсы құндылықтарды жеткіземін деп есептеймін. Дәстүрді сақтау арқылы біз өткенімізді құрметтеп, болашағымызды нығайтамыз. Ұрпаққа өз тарихын, мәдениетін, дәстүрін сыйлау – өте маңызды. Мен балаларымды қазақтың ұлттық мейрамдары мен салт-дәстүрлерін білулері үшін тәрбиелеймін. Бұл олардың рухани тамырының беріктігі деп есептеймін, – дейді Лидия Азаматова.
Лидия Азаматова қонақжайлылықты өмірлік ұстаным еткен жан. Енесінен көрген үлгісі бойынша, қонақ – отбасы үшін береке мен ырыстың символы деп біледі. Ол әрқашан сыйлы меймандарын ет асып қарсы алып, ерекше құрмет көрсетеді. Бес баланың анасы ретінде Лидия ханым қазір немерелеріне ұлттық құндылықтарды сіңіріп, ұлттық рухты дамытуға барын салып тәрбиелеуде.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

