Ұлт мұрасын ұлықтаған «Ақ шаңырақ»

Қазақ халқының әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін жаңғыртып, ұлттық өнерді насихаттап келе жатқан «Ақ шаңырақ» бірлестігінің құрылғанына биыл 25 жыл толып отыр. Ширек ғасыр бойы халық игілігіне қызмет етіп келе жатқан өнерпаздар ұжымы бүгінде өңір мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналды.

Өткен жылдың қаңтар айында ұжым мүшелері республикалық «Кел, шырқайық» атты шоу бағдарламаға қатысып, көрермен қошеметіне бөленді. Бұл сайысқа қатысу – ұжым мүшесі, марқұм Рымтай Сейітқазинаның орындалмай қалған арманы еді. Ол кісі бағдарламаны үзбей көріп, әр шығарылымында қолданылған жаңа аспаптарға, орындалған әндерге ерекше қызығушылық танытып отырған. Қазан айында өмірден өткен әріптестерінің осы арманын жүзеге асыруды мақсат еткен ұжым ансамбль құрамында дайындалып, сайысқа жолдама алған. Аталған шоуға үш команда қатысты. Шымкент қаласынан келген «Керемет келіндер», Қарағанды қаласының «Шамшырақ» тобы және «Балауса» жастар мен мұғалімдер командасы бақ сынасты. Үш команда ішінде ең жоғары ұпай жинап, үздік атанған – Қарағандының «Шамшырақ» ұлттық-аспаптар ансамблі болды. Команданың капитаны – Света Жолдыбайқызы. Өнерпаздар бұл байқауға жүлде үшін емес, марқұм әріптестерінің аманатын орындау үшін барғандарын айтады. Ансамбль құрамында Мартбек Кәмелұлы баянмен сүйемелдеуші болса, Гүлнар ханым – бас домбырашы. Сонымен қатар Бағым Советбекқызы мен Қымбат Ықсанқызы домбыра шертсе, Жәмилә Зейноллақызы асатаяқта ойнайды. Ал команда капитаны шылдырмақ аспабын меңгерген. «Ақ әже» командасының ішінен құрылған «Шамшырақ» ұлттық-аспаптар ансамблі қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптарынан құралған. Ансамбль мүшесі Гүлнар Орынтайқызы Сұрауханованың айтуынша, ұжым төрт жыл бұрын Қарағанды қаласында өткен «Өнерім, өмірім» фестивалінде «Тобылғысай» әнін орындап, бас жүлдені жеңіп алған. Сонымен қатар Қарағанды облысында жыл сайын өтетін ата-әжелер байқауына тұрақты қатысып, 2019 жылы жүлделі үшінші орынды иеленген. Ұжымның қоржынында алғысхаттар мен дипломдар аз емес. Олар өңірдегі және аудандық деңгейдегі мәдени шаралардың бел ортасынан табылып, көрермендер көзайымына айналып үлгерген. Биылғы жылдың жаз айында шығармашылық есеп беру концертін өткізуді де жоспарлап отыр. Алғашқыда бес-алты адамнан құралған өнерпаздар тобы бүгінде үлкен ұжымға айналды. Қазіргі таңда «Әжелер» вокалды тобының құрамында 18 адам бар, ал ер азаматтардың саны – үшеу. Зейнет жасындағы өнерпаздар бос уақыттарын тиімді пайдаланып, ұлттық ән мен өнерге деген сүйіспеншіліктерін шыңдап, рухани дамуға үлес қосып келеді. Сонымен қатар ұжым мүшелері балаларға арналған үйірмелерде тәлім-тәрбие беріп, жас ұрпақтың өнерге баулу ісіне атсалысып жүр. «Ақ шаңырақ» бірлестігінің тізгінін қазақ халқының мәдениеті мен өнеріне адал қызмет етіп келе жатқан, еңбекқор әрі өнерге жан-тәнімен берілген Майра Оразғазықызы ұстап отыр. Оның өмір жолы мен еңбегі мәдениет саласының дамуына зор үлес қосып, ұрпақ тәрбиесінде маңызды рөл атқарып келеді. Ұлт руханиятын ұлықтауды мақсат еткен «Ақ шаңырақ» бірлестігінің алдағы уақытта да ел мәдениетіне қосар үлесі мол болары сөзсіз.

Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,

«QH»