ӘЛІМХАН ЕРМЕКОВ ЕСІМІ МӘҢГІ ХАЛЫҚ ЕСІНДЕ

Тәуелсіздік – 30 Кенді өлкенің орталығы Қарағанды қаласына сырт келген жолаушыны алдымен Ә. Ермеков атындағы көше бойына тап болады. 1992 жылы 23 қарашада қала әкімішілігінің №1/337 Қаулысымен қаланың Кеңес ауданындағы Ф. Дзержинский атындағы көше Ә. Ермеков атындағы көше болып ауыстырылды.

Кешегі кеңес дәуірінің қызыл комиссары Ф. Дзержинский ықпалымен қаншама қазақ халқы қызыл қырғынға ұшырады. Алаштың біртуар тұлғасы атындағы көше бойында алғашқы дәрігерлік көмек көрсету орталығынан басталып, ҚР ІІМ Қарағанды академиясыен аяқталатын көше ұзындығы 5 шм шамасында. Мұнымен қатар Химия металлургия институты, машинақұрылыс колледжі, бірнеше халыққа тұрмыстық қызмет көрсету орындары және Ә. Ермеков атындағы кітап дүкені бар.

Ермеков Әлімхан Әбеуұлы (1891-1970 жж) – көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, «Алаш» партиясы мен «Алашорда» қозғалысы жетекшілерінің бірі, қазақтың тұңғыш математигі, профессор, ғұлама ғалым, белгілі ағартушы, қазақ тіліндегі тұңғыш «Жоғарғы математика курсы» оқулығының иесі. Семей облысы, Қарқаралы уезі, Темірші болысында, қазіргі Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында дүниеге келген. 1905 жылы Қарқаралы қаласындағы үш кластық училищені, 1912 жылы Семей ерлер гимназиясын алтын медальмен бітіріп, Томск технологиялық институтының тау-кен факультетіне оқуға түседі. Институтта оқып жүріп Г.Потанинмен танысады. Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Ж.Ақбаев, М.Дулатов сияқты зиялы қауым өкілдерімен, ғалымдармен етене жақын араласып, ұлт азаттығы жолындағы күреске қатысқан. 1917 жылы Алаш автономиясы құрылғанда, 26 жасында жаңа үкіметтің жаңа премьерминистрінің орынбасары, әрі ел шаруашылығын жоспарлау комитетінің төрағасы болып тағайындалған. Сол жылы II Бүкілқазақтық съезіне Семей облысынан делегат болып қатысып, Алашорда үкіметіне мүшелікке өтеді.

Ә.Ермеков Ленин басқарған Бүкілодақтық Халық комиссарлары Кеңесінің мәжілісінде (Мәскеу, 1920 ж. 17-тамыз) қазақ елінің шекарасы туралы тұңғыш баяндама жасаған қазақ. Батыс Қазақстан өңірінің, Каспийдің солтүстік жағалаулары мен Семей, Ақмола облысының жерлерінің, кейіннен Коростелев даласының Қазақстанға қайтарылуына зор үлес қосады. Еліміздің саяси, әлеуметік, экономикалық және мәдени өміріндегі маңызды өзгерістерге басшылық жасап, Қарқаралыда халық ағарту ісімен айналысқан. 1935 жылы мал дәрігерлік институтта кафедра басқарып жүріп, ғылыми кеңес ұйғарымымен тұңғыш рет математика саласынан профессор атағын алады. Кеңес өкіметіне, коммунистік -репрессиялық жүйеге қарсы қызметі, Алаш партиясын құрысып, Алашорда үкіметіне мүше болғаны үшін 1930 жылдың 22 қыркүйегінде істі болып, М.Әуезовпен бірге түрмеде отырып, үздіксіз тергеуде болады. 1932 жылдың 20 сәуірінде ОГПУ үштігінің үкімімен алдын ала түрмеде отырған уақыты есепке алынып, босатылып, бақылаушы органдардың бақылауына алынады. 1935 жылы қазақ тілінде «Ұлы математика курсы» кітабын, 1936 жылы «Қазақ тілінің математика терминдері» атты түсіндірме сөздігін жарыққа шығарған. 1935-1937 жылдары Алматы Кен-металлургия институтында (қазіргі ҚазҰТУ) математика және теориялық механика кафедрасының меңгерушісі, техникалық факультеттің деканы қызметтерін атқарады.

1954 жылы ісі қайта қаралып, 1955 жылдың 7 наурызында КСРО Бас прокурорының қаулысымен түрмеден мерзімінен бұрын босатылып, 1957 жылы қарашада толық ақталды. Өмірінің соңына дейін Қарағанды таукен институтында (қазіргі ҚарМТУ) аға оқытушы қызметін атқарып, ықтималдық теориясы, математикалық статистика, теориялық механика, математикалық терминология мәселелері төңірегінде ғылымизерттеу жұмыстарымен айналысқан. 1998 жылы Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында Алаш көсемдері Ә.Бөкейханов, Ж.Ақбаев, Ә.Ермековтің құрметіне еңселі ескерткіш орнатылды.

Темірғали АРШАБЕКОВ, Қарағанды облыстық ғылыми техникалық құжаттама жөніндегі архив басшысы.