«Әлімхан барысы – 2025»: Білім мен күш тоғысқан дода

Қарағанды қаласында Әлімхан Ермеков атындағы мектеп-лицейде қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Әлімхан барысы – 2025» атты зияткерлік және спорттық сайыс өтті. Бұл – жаңа форматта алғаш рет өткен қалалық дода. Байқауға қатысушылар әдебиет пен жаратылыстану пәндерінен білімдерін сынап қана қоймай, бозкілемге шығып, қазақ күресінен де өзара мықтыны анықтады.

Сайыс барысында ерекше көзге түсіп, көрерменнің ықыласына бөленген қатысушы – Бауыржан Момышұлы атындағы №77 мектептің 10-сынып оқушысы Шухрад Гайд болды. Жас спортшының көзінен нық сенім мен қайсар мінез байқалды. Ол үшін бұл жарыс – бозкілемдегі шеберлігін тағы бір дәлелдеудің мүмкіндігі.

– Мен басты назарды сайыстың екінші кезеңі – қазақ күресіне қойып отырмын. Барлық қатысушы мықты дайындықпен келген. Жарыста кімнің бабы мен бағы келіссе, сол жеңіске жетсін. Барша қатысушыға сәттілік тілеймін, – деді Шухрад Гайд.

Жас спортшы соңғы бес жылын қоян-қолтық ұрысқа арнап, бұл аралықта Азия чемпионы атанған. Әлімхан Ермековтің есімімен аталатын додада ол бар күш-жігерін салып, үздіктер қатарынан көріне білді.

Шараның мәні мен маңызын атап өткен Қарағанды облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов жас ұрпақтың жан-жақты дамуына үлес қосатын мұндай жарыстардың қажеттілігіне тоқталды.

– Қазіргі Қазақстан мемлекетінің шекарасын алғаш бекіткен тұлға – Әлімхан Ермеков. Бүгінгі «Әлімхан барысы» сайысы – болашақта Қазақстан, тіпті әлемдік аренада ел намысын қорғайтын жастардың бастауы болсын. Жерлесіміз Серік Сәпиев секілді Олимп биігін бағындырып, қазақтың көк туын көкке көтерсін, – деді ол.

Сайыстың басты ерекшелігі – білім мен күштің қатар бағалануы. Алғашқы кезеңде қатысушылар зияткерлік сынақтан өтсе, келесі айналымда қазақ күресінен бақ сынады. Бұл – білім мен спортты ұштастырған тың форматтағы бастама. Қала мектептерінен 40-қа жуық оқушы қатысқан бұл жарыс өз деңгейінде жоғары бағаланды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл – алғаш рет өткізіліп отырғанымен, болашақта дәстүрлі түрде жалғасын табады деген сенім бар.

Ералы ҒАНИ,

«QH»