Лифт мәселесі: бағдарлама бар, нәтиже қайда?

Қарағанды мен Теміртаудағы көпқабатты үйлерде лифт ауыстыру мәселесі жылдар бойы шешілмей келе жатқан түйткілдің бірі. ТКШ жаңғырту мемлекеттік бағдарламасы аясында бұл проблема жартылай ғана еңсерілгенімен, жүздеген тұрғын үшін жағдай сол күйі өзгермей отыр.

Естеріңізге сала кетейік, қос қаладағы шамамен 50 кіреберістің тұрғындары бағдарламаға қатысып, толық құжат жинап, жылдық 7% мөлшерлемемен қарыз төлеуге келісім берген. Алайда орнатылған жаңа лифттер қосылмай, тұрғындар баспалдақпен көтерілуді жалғастыруға мәжбүр болды. Себебі лифт компанияларына көрсетілген қызмет үшін төлем уақытында жасалмаған. Соның салдарынан төрт компания банкроттықтың аз-ақ алдында тұр.

Облыстық ТКШ жаңғырту орталығы біраз уақыт түсініктеме беруден бас тартқан еді. Соңында мәселенің шешілгенін хабарлады: Қарағандыдағы 50 лифтті қаржыландыру үшін республикалық ТКШ ҚазОрталығымен 600 млн теңгенің қайтарымды келісімшартына қол қойылған.

– Бөлінген 158 миллион теңге бұл мәселені шешпейді. Қазір 200-ден астам лифті ауыстыру қажет. Лифттердің 40-50 жыл жұмыс істегені бар, кейбірінің жарамдылық мерзімі 10 жыл бұрын аяқталған. Олар дереу тоқтатылып, ауыстырылуы тиіс. Мемлекеттік бағдарлама бойынша жақын арада қаржы бөлінуі күтілмейді, сондықтан меншік иелері бұл мәселені өздері шешуі қажет, – дейді «Қарағанды облысының тұрғын үй қорын жаңғырту орталығы» ЖШС директоры Данияр Дүйсембаев,

Қарағандыдағы 14 кіреберістің тұрғындары лифт жөндеу үшін өз қалталарынан 500-600 мың теңгеден жинаған. Бұл – лифттерді тоқтатпай ұстап тұрудың жалғыз жолы болып отыр.

Данияр Дүйсембаевтың айтуынша, жаңа жылдан кейін қызмет көрсету мерзімі біткен лифтер бірден тоқтатылмайды, бірақ оларға техникалық қызмет көрсету тұрақты түрде жасалмайды. Егер лифт ішінде адам қалып қойса, авариялық құтқару қызметі тек бір рет қана көмек көрсетеді және ол да ақылы болмақ.

Уақыт өте келе техникалық тексерістен өтпеген лифтер жиі тоқтап, толық істен шығуы мүмкін. Бүгінде лифттерді жаңарту үшін орталыққа 168 жаңа өтініш түскен, алайда оларды жүзеге асыруға қаржы қарастырылмаған.

Айта кетейік, Қарағанды қаласының өзінде 700-ден астам лифттің қызмет мерзімі аяқталған.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»