Әлі толық зерттелмеген сырқат

2 сәуір — Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күні. Бұл жұмбақ аурудың біздің елде жыл санап көбейіп келе жатқанына статистика — дәлел. Былтырғы жылы аутизмге шалдыққан 6 мың бала болса, биылғы жылдың алғашқы тоқсанының өзінде салыстырмалы көрсеткіш көңіл көншітпейді.

Жалпы, аутизм — әлем бойынша әлі толық зерттелмеген ауру. Анығы — сол: аутизм — психологиялық ауру. Ал грек сөзінен аударғанда «аутизм» сөзі «өзім» деген мағынаны білдіреді екен. Өзінің ғана әлемінде жүрген қаншама науқас бала бар. Бір өкініштісі — осындай диагноз қойылған бүлдіршіндердің біздің елде кейінгі жылдары көбейіп отырғаны. Жалпы әлемде әрбір елуінші бала осы дертке шалдығады екен. Аутизмнің түрі көп және әлі күнге дейін нақты емі табылмаған. Себебі аутистік ауытқу тудыратын факторлар отыздан асады. Әлем ғалымдары ауру тудыратын нақты себепті анықтай алмай отыр.

Дегенмен дәрігерлер тұқымқуалаушылық, хромосомалық, яғни генетикалық мутация, орталық жүйке жүйесінің зақымдануы, жүктілік кезіндегі және туабітті аурулар, зат алмасудың бұзылуы, экологиялық жағдайдың нашарлығы, екпе салу секілді бірнеше себепті келтіреді.

Жеті жылдан бері осы сырқаттың сырын ұғып, баламды құлантаза айықтырсам деп арпалысып жүрген аналардың бірі Гүлжанат Әбдіғұлова баласында жаман дерттің екпеден кейін пайда болғанын айтады.

— Менің балам туғанда денсаулығында еш кінәраты жоқ сау бала болды. 1 жарым жасқа дейін қалыпты дамыды. Сосын АКДС екпесін алған соң дамуы тоқтап қалғандай сезіндім. Содан 2 ай жүрдім оңалып кетер деген үмітпен. Жоқ, өкінішке орай, олай болмады. Бала білгенін ұмытты. Тіпті ойыншық ойнауға да зауқы болмай қалды. Айналасында ештеңе қызықтырмайды. Тек соткадан ютубтан музыка қосып алып отыра беретін болды. Ақырындап тамақ жеуден де бас тартты. Тек нан мен су ғана ішетін болды. Қазір жасы 7-ден асты, сөйлемейді, мидың жарақатына байланысты сигнал миға жетпегендіктен не айтқанды түсінбейді. Диагноз «Мидың зақымдануы, орталық жүйке жүйесінің бұзылысы, энцефалопатия» деп қойылды. Қысқа айтылған сөздерді енді ғана түсініп жүр. Оның өзінде Өзбекстан докторы, невропатолог профессорға қаратып 3 курс ем алған соң беті бері қарады. Қазақстан медицинасы осындай диагнозды толық білмейтінін байқадым. Аутизм белгілері, негізі, неврологиялық аурулардың бірнеше түрінде кездеседі. Оны таза аутизммен шатыстыруға болмайды. Біздің дәрігерлер болса оған бас ауыртқысы келмейтін сияқты. Ал оңалтуға келетін болсақ, тіпті не айтарымды да білмеймін. Өйткені логопед, дефектолог, нейропсихолог, психолог деген мамандар мүлде жетіспейді. Ава терапия деген мүлде жоқ деуге де болады. Білікті деген 1–2 логопед бар Қарағанды қаласында. Оған орын жоқ деп әлі кіре алмай жүрміз. Өз күшімізбен «Амалия» деген ақылы орталыққа өткен жылы 7 ай бардық. Ақырындап коррекция болып жатқаны да байқалды. Бірақ, өкінішке орай, ай сайын 190 мың төлеу қарапайым көпбалалы отбасы үшін қиын. Содан бала ешқайда бармайды. Өйткені қала бойынша мұндай «ерекше балалар» баратын тегін ештеңе жоқ. Осындай балалардың ата-аналары бірігіп «Асыл мирас» деген орталықтың ашылуына жұмыс жасап жатыр. Оған кезек күтіп тек 3 айға ғана аптасына 2 рет 1 сағаттан барады екенбіз. Ол өте аздық етеді. Негізі, мен астаналық ерекше балалары бар аналармен тығыз қарым- қатынастамын. Ол жақта тегін орталықтар көп. Мысалы, ЛФК, бассейн, психолог және т. б. өте қажетті мамандармен жұмыс жасайтын тегін орталықтар бар. Ал бізде бала 24 сағат үйде, ешқандай мүмкіндік жоқ. Медицина жағынан да оңалту деген осы 7 жыл ішінде бір-ақ рет Нұр- Сұлтан қаласындағы арнайы орталыққа жаттық, — дейді.

Қарағанды облыстық балалар психикалық денсаулық орталығының психиатр дәрігері Амантай Ғинаятқызы да Қазақстанда оңалту орталықтарының аздық ететінін жоққа шығармайды. 2015 жылдан бастап елімізде «Асыл мирас» аутизм орталығы тегін ем көрсетіп келеді. 8 қалада орталықтар жұмыс істейді (Алматы, НұрСұлтан, Қызылорда, Өскемен, Ақтөбе, Орал, Шымкент, Петропавл). Дегенмен ел бойынша кезекке тұрып бұл орталықтарға түсу өте қиын, орын сирек босайды. Біздің Қарағанды облысында да осындай балаларға арналған түзету кабинеттері, оңалту орталықтары аздық етеді. Қазірде аутизм диагнозы қойылған балаларға дәрігерлік қолдау көрсететін «Үміт» орталығы бар. Бұл орталық бұрындары тек Михайловкада ғана болса, бүгінде Оңтүстік- Шығыс ауданда, Теміртауда да филиалы ашылған. Түзету кабинеттері үш мектепте бар. Облыс бойынша Теміртау, Жезқазған, Балқаш қалаларында және аудандық орталықтар бар. Орталықтар саны артуының өзі мұқтаж балалардың саны артқанын көрсетеді. Бір ғана Облыстық балалар психикалық орталығының өзінде былтырғы 2021 жылы 150–160 бала тіркелсе, биылдың бірінші кварталының өзінде 198 балаға жеткен. Ел бойынша соңғы 5 жылда аутист балалар саны 2,6 есеге артқан. Соңғы онжылдықта әлемде аутизмді емдеу құны 200–400 миллиард доллар аралығын құрады. Әлемде 67 миллионға жуық адамда аутизм белгілері бар.

Шамшырақ ХАЛЫҚҚЫЗЫ,

«QH»