Әлеуметтік өнімдер тізімі жойылуы мүмкін
Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын реттеу жүйесі түбегейлі өзгеруі мүмкін. Үкімет бұған дейін бекітілген 19 негізгі өнімнің бағасын бақылаудан бас тартып, оның орнына әлеуметтік осал топтарға атаулы көмек беруді жоспарлап отыр. Сауда және интеграция министрлігінің пікірінше, бағаны шектеу нарықтың дамуына кері әсерін тигізіп, өндірушілер мен сатушылардың жұмысын тежеп келген.
Бұған дейін әлеуметтік маңызы бар тауарлардың тізімінде нан, ұн, күріш, қарақұмық, картоп, қырыққабат, қант, сүт, жұмыртқа, тауық еті, сиыр еті сынды өнімдер болды. Мемлекеттік органдар олардың бағасын емес, тек сауда үстемесін қадағалап келген. Қолданыстағы ережеге сәйкес, үстеме 15%-дан аспауға тиіс еді. Алайда енді бұл бақылау алынып тасталып, мұқтаж азаматтарға азық-түлікті жеңілдікпен сатып алуға мүмкіндік беретін ваучерлер таратылмақ.
Қостанай облысының тұтынушылар құқығын қорғау одағының төрайымы Ольга Березуцкая бұл өзгерістің қауіпсіздігіне күмән келтірді.
«Бұл қадам ерекше қатаң бақылауды талап етеді. Ең бастысы – азық-түлік себетіне кіретін өнімдердің қымбаттап кетпеуін қадағалау. Егер бақылау болмаса, баға өсуі жылдам жүреді. Бұл әсіресе әлеуметтік топтар үшін ауыр соққы болуы мүмкін», – дейді ол.
Ал фермерлер бұрынғы жүйенің де толық жұмыс істемегенін айтады. Қазақстан фермерлер қауымдастығы Қарағанды филиалының өкілі Ерлан Оспанов ауылдағы сауда жүйесінің ерекшеліктерін түсіндірді.
– Ауыл дүкендері тауарды көтерме саудагерлерден алады. Олар өз үстемесін қосады, ал көтерме саудагерлер бағаны түрлі салық пен төлемдерге байланысты көтереді. Сондықтан баға өсімін тек сатушылардан көру дұрыс емес, – деді ол.
Фермерлердің пікірінше, тұрақтандыру қорларына өнімді нарықтық бағадан төмен өткізу әділетсіздік туғызады. Себебі оған лайықты өтемақы берілмейді. Бұл мәселеге қатысты экономист Марат Әбдірахманов та өз көзқарасын білдірді.
«Меніңше, ең алдымен Конституцияға сәйкес әлеуметтік стандарттарды енгізу қажет. Азаматтар ең төменгі деңгейден аз табыс таппауы тиіс. Егер халықтың табысы жеткілікті болса, әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізімі мүлде қажет емес. Бізде үкімет кеңестік жалақыны сақтап, нарықтық баға орнатқысы келеді. Бұл – екіжүзділікке ұқсайды», – дейді сарапшы.
Қазіргі таңда цифрлық әлеуметтік көмек пилоттық жоба ретінде Ақкөл, Көкшетау және Павлодарда жүзеге асырылып жатыр. Келесі жылы бұл бастама бүкіл елге таралуы мүмкін. Үкіметтің жаңа жүйесі азық-түлік бағасын тұрақтандыруға қаншалықты ықпал ететінін уақыт көрсетпек.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»