Үлескерлерге жағымды жаңалық: қосымша шаршы метр тегін берілуі мүмкін
2024 жылдың желтоқсанынан бастап үлестік қатысу туралы типтік келісімшартқа енгізілген жаңа ережелер күшіне енеді. Енді пәтердің нақты аумағы келісімшарттағы көрсетілгеннен үлкен болып шықса, құрылыс компаниясы тек артық шаршы метрдің 1,5 пайызы үшін ғана төлем алады. Қалған қосымша аумақ сатып алушыға тегін беріледі. Ал егер пәтер аумағы аз болса, құрылысшы айырмашылық құнын кері қайтаруға міндетті.
Сонымен қатар, компания келісімшарттағы шаршы метр бағасын өз бетінше көтере алмайды.
Заңгерлік талдау
«Мұнда да көптеген нюанс бар. Әрине қосымша шаршы метрлер үшін толық төлем жасамау үшін күресу керек. Заңда мұндай норма бар болғандықтан, оны қолдану қажет. Дегенмен бұл талап бүкіл тұрғын үйдің жалпы аумағына ма, әлде әр пәтерге жеке қарала ма – бұл жағы әлі де түсініксіз. Әркім өзінше түсіндіруі мүмкін» дейді заңгер-кеңесші Юлия Смирнова.
Заңгердің пікірінше, норманың нақты қолданылуы сот тәжірибесі қалыптасқан кезде ғана белгілі болады. Құрылыс компаниялары бұл қатаңдатуға наразылық білдіруде, өйткені үйді жобадағыдай дәл салу мүмкін емес. Пәтер аумағы үлкен не кіші болса да, компания шығынға ұшырайды.
Құрылысшылар пікірі
«Бізде бизнеске тұтынушылық көзқарас қалыптасқан. Халықтың бір бөлігі бизнесті – жыртқыш ретінде, ал екінші бөлігі – сауын сиыр ретінде қарайды. Бұл Черчилльдің сөзі. Әсіресе мемлекеттік органдар тарапынан осындай көзқарас басым. Ал шын мәнінде бизнес – экономиканы алға сүйрейтін жұмысшы күш» деді Қарағанды облысы құрылысшылар қауымдастығының жетекшісі Төлеген Әшімов.
Үлескерлер үшін тағы бір маңызды жаңалық – құрылысшы келісімшартты қандай атаса да, мейлі ол алдын ала, инвестициялық немесе броньдау келісімі болсын, бәрібір ол үлестік қатысу келісімшарты болып саналады.
«Көп жағдайда тұрғын үй құрылысы саласында қиын жағдайға тап болған аз ғана топқа қарап шешім қабылданады. Ал жалпы алғанда, баспанасын алып, бәрі дұрыс, ешқандай шағымы жоқ үлескерлер саны әлдеқайда көп. Наразы адамдардың үлесі бар болғаны 3-5 пайыз. Бірақ осы аз пайыздың кесірінен талаптарды қатаңдату – негізсіз» дейді Төлеген Әшімов.
Салалық қауымдастық өкілдері қосылған құн салығын енгізу де құрылыс компанияларына ауыр соққы болатынын ескертеді. Себебі бұл салықты құрылыс басталмай тұрып төлеуге тура келеді. Нәтижесінде инвесторлар үркіп, тұрғын үй құрылысының қарқыны баяулауы мүмкін, ал баспананың бағасы қымбаттайды.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»