Әлемдік рекордты жаңартқан қария

Қарағанды облысында пауэрлифтингтен әлемдік рекордты жаңартқан ақсақал тұрады. Биыл 80 жасқа толған Айтжан Ысқақов спорттан әлі де қол үзбеген. Халықаралық жарыстарда 4 дүркін жеңіс тұғырына көтерілген қария енді бабы мен бағын тағы бір байқап көрмекші. 2023 жылы өтетін әлемдік жарысқа жолдама алған. Дайындықты қазірден бастап кетті.

Айтжан Ысқақов жастайынан жетім өсіп, еңбекке ерте араласқан. Шет ауданының Ақшатау ауылында жылқы бағады. Кейін кәмелет жасқа толған соң әскер қатарына шақырылады. Алғаш рет зілтемірді сол кезде көтерген. Содан бері ауыр атлетикаға деген қызығушылығы артады.

– Әскерге барған соң бірер күннен кейін 3 шақырымға жүгірдік. 1 шақырым өтпей жатып шаршап құладым. Ұяттан жерге кірердей болдым. «Қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді» деген. Содан жаттығуды бастап кеттім. Женя деген жүргізуші-механик болушы еді, ауыр атлетикадан спорт шебері. Соның көмегімен екі жыл үзбей дайындалдым, – дейді Айтжан Ысқақов.

Әскерден келген соң бірден Теміртаудағы металлургиялық комбинатқа жұмысқа тұрады. Транспорт цехында машинистің көмекшісі болып 26 жыл тер төккен. Ал 1994 жылы мырыштау цехына ауысып, зейнетке шыққанша энергетик болып еңбек етеді. Ауыр жұмысты атқара жүріп спорттан алыстап кетеді. Тек араға 30 жыл салып, 66 жасында жаттығу залына қайта оралады. Содан бері Айтжан Ысқақовтың әр күні спортзалда өтеді. Алда – байрақты бәсеке. Кіл мықты қатысатын жарыста топ жару үшін аянбай тер төгу керек. Ақсақал спортты тым кеш бастаса да, жетістігі аз емес. Азия чемпионатының 18 дүркін чемпионы. Қазақстан біріншілігінде 20 рет жеңіс тұғырына көтерілген. Ал әлемдік жарыста 4 мәрте топ жарыпты. 180 келі зілтемірді арқаға салып отырып-тұрып әлемдік рекордты жаңартқан. Ерлігі мен еңбегі – жастарға үлгі.

Айтжан Ысқақов зейнет демалысына шықса да, қоғамдық жұмыстардан қол үзбеген. Құрыш қаладағы өзі тәрізді белсенді жастармен бірлесіп, қаланың тұрмысына белсене араласып жүр. Өзінің айтуынша, Төле бидің «…Қарап отырғанша, бір нәрсеге жарап отыр» деген қанатты сөзін қазық етіп алған.

Асыл АЙБЕК,

«QH»