Әлемдік бестселлер қазақша сөйледі
Қарағанды облысының Тілдерді оқыту орталығы әлемдік классиканы қазақ тіліне аударып жатыр. Н.В.Гоголь атындағы кітапханада Марио Пьюзоның «Өкіл әке» кітабының тұсаукесері өтті. Аударманы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, аудармашы, журналист және жазушы Сүйіндік Жанысбай жасады. Кітап 200 данамен басылып шықты.
– Әлемдік әдебиетті қазақ тіліне аудару арнайы жобасын биыл бастадық. Біздің классиктердің тілі қазақ тілін енді үйрене бастаған адамдар үшін күрделі, сондықтан біз оларға қарапайым кітап ұсынғымыз келеді. Ал одан әрі тіл үйренушілер қазақ жазушыларының шығармаларын оқи алады. Неліктен бұл кітап? Біздің ойымызша, ол қазіргі жастарға қызықты, әлемнің үздік бес басылымының қатарына кіреді.
Біз кітапты оқушыларымызға тегін таратамыз, сонымен қатар үш кітапханаға – Гоголь, Әуезов атындағы және Б.Бейсенов атындағы ҚР ІІМ Қарағанды академиясына – сыйға тартамыз, – деді Қарағанды облыстық тілдерді оқыту орталығының жетекшісі Алмагүл Игенова.
Сүйіндік Жанысбайдың айтуынша, кітапты екі айда аударған, аса қиындық көрмеген.
– Менің алғашқы аудармаларымның бірі Беларусь жазушыларының әңгімелері болды, мен Виктор Карамазовтың «Қаладан келген жігіттер» шығармасын аудардым. Чуваш және марийлік жазушылардың әңгімелерін де аудардым. 2005 жылы «Балауса» баспасы «Әлем халқының ертегілері» кітабын шығарып, Алтай халықтарының ертегілерін аударуымды өтінді. Кейін олар жеке кітап боп шықты.
Ал 2017 жылы «Тұзақ» атты аударма кітабымды шығардым. Бұл – татар жазушысы әңгімесінің атауы. Қазір Тілдерді оқыту орталығының «Өкіл әке» кітабын аудару тапсырысын орындадым, – дейді Сүйіндік Жанысбай.
Жақында Тілдерді оқыту орталығы Гарри Грейдің «Бір кездері Америкада» кітабының да аудармасын дайындайды.
– Ол осы айдың соңына дейін шығуы керек. Биылғы жылы аударуға екі кітап қана алдық. Бірақ егер бәрі жоспар бойынша жүрсе, келесі жылдан бастап көбірек аударуды жоспарлап отырмыз. Біздің орталық ересектерді оқытумен айналысады, сондықтан бізде ересектерге арналған кітаптар бар. Болашақта жобамыз сәтті болса, балалар басылымдарын да аудара бастаймыз, – деді Алмагүл Игенова.
Өз тілшімізден