Әлемдік аренадағы жарқын жеңіс
Ливерпуль төрінде өткен әлем чемпионатында Қазақстанның намысын қорғаған жас боксшы, ел мақтанышы Аида Әбікеева кезекті мәрте биік тұғырдан көрінді. 65 келіге дейінгі салмақтағы ақтық сында ол Өзбекстан өкілі Навбахор Хамидовамен жұдырықтасып, шешуші раундта нағыз чемпионға тән мінез көрсетті. Алғашқы екі раундта қарсыласына жол бергендей әсер қалдырғанымен, үшінші раундта қарқынын үдетіп, дәл соққыларын дарытып, айқастың тағдырын өз пайдасына шешті. Нәтижесінде қазылар алқасы бірауыздан жеңісті қазақ қызына беріп, есеп 3:0 болып тіркелді. Бұл жеңіс – Аиданың табандылығы мен еңбегінің жемісі ғана емес, қазақ спортының абыройын асқақтатқан тарихи сәт болды.
Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері Елдос Сайдалин бұл жеңісті елдің ортақ қуанышы деп бағалады. Оның айтуынша, әр кездесу финал секілді дайындықты қажет етті.
— Аиданың екінші мәрте чемпион атанып, өз атағын қорғауы барлығымыз үшін маңызды болды. Тактиканы мінсіз орындап, өзін нағыз чемпион ретінде көрсетті. Бұл тек біздің жеңіс емес, барша елдің ортақ жеңісі, — деді ол шәкірті жайлы.
Айта кетерлігі, бұл жетістік Аиданың 2025 жылғы алғашқы табысы емес. Бұған дейін ол наурыз айында Сербияда өткен әлем чемпионатында да топ жарған болатын. Осылайша, бір жылдың ішінде қатарынан екі мәрте жеңімпаз атанып, екі дүркін әлем чемпионы атағына қол жеткізді. Өз кезегінде чемпион қыз да жеңісін ел қолдауына арнады.
— Жарысқа тыңғылықты дайындалдық. Қазақ елінің қолдауы қатты сезілді. Бұл жеңісте жүйелі жаттығулардың, бас бапкерімнің, жеке бапкерімнің еңбегі зор. Ендігі мақсатым келер жылғы Азия ойындары мен Олимпиадаға дайындық, — деді ол.
Ливерпуль төріндегі әрбір жекпе-жек қазақ боксшысының шеберлігін айқын көрсетті. 1/16 финалда венгриялық Лука Хамориді, 1/8 финалда кореялық Су-кионг Кангты, ширек финалда түріктің тәжірибелі боксшысы Бусеназ Сурменеліні, ал жартылай финалда ирландиялық Грейн Уолшты айқын басымдықпен ұтты. Барлық кездесулерде есеп 5:0 болып тіркеліп, Аиданың сенімді әрі сапалы дайындықпен келгенін дәлелдеді.
Жарыс аяқталған соң чемпион қыздың анасы Қарлығаш Әбікеева да қуанышын жасырмады:
— Он күнге созылған дода оңай болған жоқ. Әр жекпе-жекті жүрегім аузыма тығылып тамашаладым. Қызымның әр жеңісі қиындықтарға қарсы тұрып, еңбек еткен маңдай терінің арқасы. Жанкүйер болып қолдаған барша халыққа алғысым шексіз, — деді ол.
Аида Әбікееваның бұл жеңісі жеке жетістік қана емес, күллі қазақ спорты үшін айрықша тарихи оқиға. Екі дүркін әлем чемпионы атанған бұрымды боксшы еліміздің мақтанышы. Алдағы Олимпиада ойындарында да Аида ел сенімін ақтап, көк туымызды көкте желбіретеді деген үміт зор.
Ералы ҒАНИ,
«QH»