Әлемдік аренадағы қазақ дуэті
Қарағанды облысының мақтанышына айналған жас атлеттер Данил Мұсабаев пен Никита Тумаков биылғы маусымда батут гимнастикасынан тамаша өнер көрсетіп, әлемдік рейтингтің бірінші сатысына көтерілді. Екі спортшы маусым бойы тұрақты әрі жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, өздерінің шеберлігі мен табандылығын дәлелдеді. Олардың жинаған жалпы ұпайы – 179. Бұл көрсеткіш қазіргі таңда әлемдік деңгейдегі үздік дуэттердің арасындағы ең жоғары нәтиже болып отыр.
Әлемдік біріншілік биыл ақпан айында Әзербайжанның астанасы Баку қаласында бастау алған болатын. Сол додада қазақстандық жұп жүлделі екінші орынды иеленіп, ел намысын асқақтатты. Бұл жетістік олардың халықаралық деңгейдегі бәсекелерге толық дайын екенін көрсетті.
Одан кейінгі кезеңде, шілде айында Португалияның Коимбра қаласында өткен Әлем кубогының үшінші сатысында Мұсабаев пен Тумаков төртінші орынға ие болды. Олар жүлдеден небәрі бірнеше ұпай айырмасымен қалып қойды. Дегенмен, бұл сәтсіздік емес, керісінше, тәжірибе жинауға мүмкіндік берген маңызды жарыс болды.
Екі айдан соң Германияның Котбус қаласында өткен келесі кезеңде қарағандылық спортшылар бар күшін жинап, мінсіз өнер көрсетті. Нәтижесінде, олар жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтеріліп, Қазақстан гимнастикасы тарихында маңызды белеске қол жеткізді.
Қарағандылық гимнасттар мұнымен шектеліп қалмай, өз шеберліктерін басқа да беделді халықаралық додаларда дәлелдеді. Мәселен, Әзербайжанда өткен ТМД елдерінің III ойындарында да жүлделі орындардан көрінді. Аталған жарысқа сегіз мемлекеттен келген 1840 спортшы қатысқан болатын.
Қазақстан құрамасының бас бапкері әрі Қарағанды облысының аға жаттықтырушысы Сергей Вертянкин шәкірттерінің жетістігіне үлкен мақтанышпен қарайтынын айтады:
– Сайыстың деңгейі өте жоғары болды. Онда Олимпиада чемпионы, әлемге әйгілі белорусиялық Иван Литвинович секілді тәжірибелі спортшылар да қатысты. Соған қарамастан, командадағы ең жас спортшымыз Никита Тумаков өзін барынша жақсы қырынан көрсетті. Ол іріктеу кезеңінде үздік нәтиже көрсетіп, финалда қола медаль еншіледі. Бұл оның үлкен еңбегінің және күн сайынғы жаттығудың нәтижесі, – дейді бапкер.
Айта кету керек, бұл Никита Тумаковтың жеке секіру бағдарламасы бойынша халықаралық деңгейдегі алғашқы жүлдесі. Ол өз қатарластары арасында ерекше дарынды спортшы ретінде танылып келеді.
Сонымен қатар, тағы бір қарағандылық атлет Ерлан Тасмағанбетов те бұл маусымда жоғары нәтиже көрсетіп, синхронды секіру бағдарламасында үшінші орынды иеленді. Бұл Қарағанды гимнастика мектебінің әлеуетінің зор екенін дәлелдейтін көрсеткіштердің бірі.
Жалпы, қарағандылық батутшылардың соңғы жылдардағы жетістіктері еліміздегі спорт саласына тың серпін беріп отыр. Олардың табандылығы мен еңбегі жас буынға үлгі болары сөзсіз. Ал алдағы уақытта спортшыларды жаңа мақсаттар мен жаңа белестер күтіп тұр.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

