Конституциялық Сот жұмысын бастады
2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде Конституциялық Сот жұмысын бастады. Бұл – былтырғы жылдың маусым айындағы жалпыұлттық референдум арқылы Ата заңға енгізілген өзгерістердің жемісі. Желтоқсан айының соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Конституциялық Соттың судьялары тағайындалды. Президент пен Сенат Эльвира Азимованың кандидатурасын лауазымды қызметке құп көрген-ді.
– Конституциялық Соттың құрылуы аса маңызды қадам болды. Бұл орган жаңа жылдан бастап жұмысқа кіріседі. Ол Ата заң нормаларының қатаң сақталуын қамтамасыз етеді. Конституциялық Сот азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау ісіне зор үлес қосады деп сенемін. Сот реформасы жүзеге асырылып жатыр. Заң үстемдігі және қазылардың дербес әрі әділ болуы басты назарда, – деген Президент әділдік пен заңдылықты қамтамасыз ету мемлекеттің міндеті екенін, қоғам осыны күтетінін баса айтты.
Конституциялық Соттың негізгі құрамы 11 адамнан жасақталды. Парламенттің әр палатасы үш кандидатын ұсынды. Басты артықшылық – Конституциялық Сот ешбір билік тармағына немесе мемлекеттік мекемеге бағынбайды.
Саясаттанушылардың пайымдауынша, бұл саяси реформа халық сұранысынан туындаған ауқымды өзгеріс болып отыр. Мәселен, белгілі саясаттанушы Қазыбек Майгелдиновтің айтуынша, Конституциялық Сот – елдегі Парламент, Президент, тіпті Жоғары Соттан да жоғары тұратын орган. Әрі оның өкілеттілігі де кең екен.
– Егер Президенттің шешімі конституциялық баптарға сәйкес келмейтін болса, онда Конституциялық Сот Президентке қатысты да шешімдер шығаруға құқылы. Сондықтан мұндай институттың құрылуы – еліміздегі жалпы адам құқықтары мәселесі бойынша жоғары заңдылықты сақтау үшін жасалып отырған қадам, – дейді Қазыбек Майгелдинов.
Конституциялық Сот сайлау мен референдум дұрыс өтті ме, қабылданған заңдар Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келе ме – соны шешеді. Сондай-ақ егер заңдық құжатты сот қолданған немесе азаматтың құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғайтын және заңды күшіне енген іс бойынша сот актісі шығарылған болса, азаматтар Конституциялық Сотқа жүгіне алады. Конституциялық Соттың шешімі орындалуға міндетті және қайта қаралмайды.
Арман ӘБІЛҚАСЫМОВ,
«QH»