Конституциялық реформа. Қай бап қалай өзгереді?

Парламент Сенатының міндеттерін анықтайтын заңның бірі – 55-бап.

6 тармақшадан тұратын баптың осы жолы екі тармақшасына өзгертулер енгізілді. Бұрын 55-баптың 2-тармақшасында Сенат Мемлекет басшысының «Ұлттық банк төрағасын, Бас прокурорды және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасын тағайындауына келісім береретін». Ал жаңа жобада бұл қатарға Конституциялық Сот төрағасы мен Жоғары Сот Кеңесінің төрағасын тағайындау қосылды.

55-бапқа енгізілген тағы бір өзгеріс еліміздегі Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесін де біраз көтерді десек болады. Себебі, бұған дейін 55-баптың 3-тармақшасы арқылы Бас прокурордың, Жоғарғы сот төрағасы мен судьяларының қауіпсіздігін Сенат белглеп келсе, жаңа редакция бойынша бұл қатарға Адам құқықтары жөніндегі уәкіл де енгізілді. Яғни бұдан былай «Республиканың Бас прокурорын, Жоғарғы сотының төрағасы мен судьяларын, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілді оларға ешкімнің тиіспеуі жөніндегі құқығынан айыруды» Сенат шешетін болады.

Сонымен 55-бапқа енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды төменнен толығырақ оқып көріңіздер.

Айта кетейік, Конституциялық реформаға ұсынылған Ата заңымыздың жаңа нұсқасы жақында жарияланды. Ал ескі нұсқасы Ақорданың ресми сайтында жарияланған қазіргі кездегі қолданыстағы Конституциядан алынды.

55-бап

Жаңа нұсқада: 55-бапта:

1) 2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

«2) Республика Президентінің Республика Конституциялық Сотының төрағасын, Ұлттық банкінің төрағасын, Жоғары Сот Кеңесінің төрағасын, Бас прокурорын, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасын тағайындауына келісім беру;»;

Ескі нұсқада: 55-баптың 2-тармақшасы

2) Республика Президентінің Республика Ұлттық Банкінің Төрағасын, Бас прокурорын және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасын тағайындауына келісім беру;

Жаңа нұсқада: 55-бапта:

2) 3) тармақша «судьяларын» деген сөзден кейін «, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілді» деген сөздермен толықтырылсын.

Ескі нұсқада: 55-баптың 3-тармақшасы

3) Республиканың Бас Прокурорын, Жоғарғы Сотының Төрағасы мен судьяларын оларға ешкімнің тиіспеуі жөніндегі құқығынан айыру;

Ескерту. 55-баптың 1-тармақшасына түсініктеме берілді — ҚР Конституциялық Кеңесінің 2000.07.05 N 11/2 қаулысымен, өзгерістер енгізілді – ҚР 2007.05.21 N 254; 10.03.2017 № 51-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

Естеріңізге сала кетейік, Конституциялық реформада өзгертілген баптар: 4-бап6-бап, 15-бап, 23-бап, 24-бап, 42-бап, 43-бап, 44-бап, 46-бап47-бап, 50-бап51-бап52-бап53-бап54-бап