Компьютер шеберлерінің байқауы

Террикон алқабында компьютерлік ойындарды әзірлеушілерге арналған байқау өтті. Жарыстың басты марапаты үшін 60-тан астам команда бақ сынасты.

Қарағандылық Илья Болатов видеоойындарды жақсы көреді және өзінің хоббиін болашақ мамандығымен байланыстыруды шешкен. Бағдарламалау саласы соңғы жылдары ерекше қарқын алуда, әрі оның мамандары да сұранысқа ие.

– Бізге орын алып, бәрін жеңуден гөрі, осы шараға қатысудың өзі маңызды. Басқа мамандармен іс-тәжірибе алмасу, олардың мүмкіндіктерін байқау, міне осыдан артық жетістік жоқ. Осындай пайдалы, білімге толы орта әр адамға керек деп ойлаймын. Бүгін біраз нәрсе үйрендік, – дейді байқауға қатысушы Илья Болатов.

Хакатон – бұл әзірлеушілер форумы, оның барысында бағдарламалық жасақтаманы әзірлеудің әртүрлі саласындағы мамандар кез-келген мәселені бірге шешеді. Бүгін ойын ойлап табуда. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бәрі тек қатысушылардың өздеріне байланысты, өйткені байқау басталғанға дейін ешқандай ақпарат берілмеген, бұл мүмкіндіктерді тудырады.

– Бұл жарыстың болуынан, оған дейінгі қызықтары көп болды. Әсіресе қабылдау уақытында бәрі жұмбақ күйінде. Қатысушылардан алдымен қай тақырып екенін нақтылап алдық. Себебі, жұмыс не туралы жүреді, неге негізделген, сол қызық болды. Қазір бәрі тапсырыс берушілердің тапсырмасын орындауға кірісті. Жалпы жарыс екі кезеңнен тұрады, – дейді ұйымдастырушы Диана Салехова.

Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен барлығы 67 команда тіркелген. Қатысушыларға қойылған міндеттерді шешу үшін 56 сағат берілді. Ал көмек ретінде ұйымдастырушылармен және басқа әзірлеушілермен байланыс орнатуға мүмкіндік болды. Нәтижелерді әртүрлі бағдарламалық жасақтаманы әзірлеу бойынша жетекші компаниялардың мамандары бағалады.

Жүлде ретінде жеңімпаздарға жалпы сомасы 1 млн 200 мың теңгеге ақшалай сертификаттар әзірленген. Байқау қорытындысы бойынша №16 команда 200 мың теңге, ал №15 және №27 команда жарты миллион теңге алды.

Жұпар ТОНТАЙТЕГІ, «QH»