Коммуналдық тарифтер мен жанармай бағасына уақытша шектеу қойылды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 16 қазаннан бастап елдегі барлық тұтынушылар тобы үшін коммуналдық тарифтерді көтеру уақытша тоқтатылды. Бұл шара халықтың әлеуметтік жүктемесін жеңілдетіп, экономикалық тұрақтылықты сақтауға бағытталған.
Үкіметтің хабарлауынша, тарифтерді ұстап тұру 2026 жылдың бірінші тоқсанына дейін жалғасады. Бұл кезеңде табиғи монополия субъектілерінің шығындары оңтайландырылып, коммуналдық нысандардағы жоспарлы жөндеу жұмыстары уақытылы жүргізіледі.
Сонымен қатар, АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынының бағасын өсіруге мораторий енгізілді. Бұл шешім инфляция деңгейі тұрақталғанша күшінде болады.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін тұрақтандыру қорларын қаржыландыру екі есеге артты. Сауда үстемелеріне және делдалдардың баға белгілеу әрекеттеріне бақылау күшейтіледі.
Жаңа Салық кодексі шеңберінде шағын және орта бизнеске түсетін қысымды азайту үшін оңайлатылған декларация негізіндегі салық режимін қолдануға шектеулер жеңілдетіледі.
Бұдан бөлек, тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру мақсатында жеңілдетілген ипотекалық несиелеу көлемі екі есеге ұлғаяды. Ал жеке тұлғалар үшін жеңіл автокөлік лизингі тетігі енгізіледі.
Бұл кешенді шаралар халықтың әлеуметтік жағдайын қорғауға және ішкі нарықтағы бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»