Колледждерде грант көп
Биыл елімізде колледждерге бөлінген грант саны рекордтық көрсеткішке жетті. Балалар жылында ел бойынша 128 мың грант бөлініпті. Бұл былтырғымен салыстырғанда 45 мыңға артық.
Білім беру гранттарының басым бөлігі IT, құрылыс, инженерия, металлургия сынды техникалық мамандықтарға беріледі.
Тағы бір жағымды жаңалық – алдағы оқу жылынан бастап қазақстандық колледждер «Робототехника және кіріктірілетін жүйелер», «Аддитив өндірісі технологиялары», «Ғимараттарды жобалау мен пайдаланудың автоматтандырылған жүйелері», «Графика және мультимедиа дизайны», «Ландшафт дизайны» және басқа да жаңа мамандықтар бойынша кадрлар даярлайды.
Талапкерлерге ыңғайлы болу үшін құжаттарды қабылдау үрдісі автоматтандырылды. Яғни енді оқуға түсу үшін құжаттарды еgov.kz электронды үкімет порталы арқылы жолдауға болады. Сондай-ақ қабылдау колледждерде дәстүрлі қағаз форматында да жүзеге асырылады. Тағы бір айта кетерлігі – талапкерлерге бірден төрт мамандықты және төрт түрлі колледжді таңдауға мүмкіндік беріліп отыр.
Былтыр білім берудің ашықтығы мен қолжетімділігі үшін министрлік «Ақша студенттің соңынан жүреді» қағидаты бойынша мемлекеттік тапсырыстарды бөлудің жаңа механизмін енгізген еді. Бұған дейін гранттарды колледждер арасында білім басқармалары орналастырып келсе, енді мемлекеттік тапсырыс талапкерлердің таңдауы бойынша бөлінеді. Яғни түлек қайда оқуға түскісі келсе, бюджет ақшасы сол жерге жіберіледі.
– Бүгінгі таңда 9-сынып түлектерінің 70%-ға жуығы еліміздің колледждерінде мемлекет есебінен тегін оқып жатыр. Биыл мемлекеттік тапсырысты 45 мың орынға көбейттік. Сондай-ақ министрлік жұмысқа орналастыру міндеттемесімен кәсіпорындардың сұранысы бойынша кадрларды мақсатты даярлауды енгізді. Қазірдің өзінде балалардың жұмысқа орналасуына кепілдік беріледі. Бұл – еңбек нарығының сұранысына сай мамандарды даярлау сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Мемлекеттік тапсырысты орналастырудағы ашықтық барлығына техникалық және кәсіптік білімнің қолжетімділігін қамтамасыз етеді және колледждер арасындағы бәсекелестікті арттырады, – деп мәлімдеді Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Насымжан Оспанова.
Жұмысшы мамандығын алғысы келетін орта мектеп түлектері, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар колледжге әңгімелесу қорытындысы бойынша қабылданады. Олар еgov.kz арқылы онлайн өтініш бере алады немесе құжаттарды тікелей колледжге тапсыра алады.
Педагогикалық, медициналық және шығармашылық мамандықтарға түсетін түлектер арнайы шығармашылық емтихандар тапсырады немесе әңгімелесуден өтеді. Оларды колледждердің қабылдау комиссиялары жүргізеді.
Мемлекеттік тапсырыс бойынша 9-сынып талапкерлері арасындағы конкурс 19-22 тамыз аралығында өтеді. Ал 11-сынып және колледж түлектері арасындағы байқау 22-25 тамыз аралығында өтеді. Өнер және мәдениет мамандықтарына түсетіндер үшін байқау 29 шілде мен 2 тамыз аралығында өтеді.
Былтырдан бастап квота санаттарының тізімі кеңейтілгенін де атап өтейік. Квота 9 санатқа беріледі. Көпбалалы отбасы балалары үшін 5%, кемінде үш жыл толық емес отбасы мәртебесі бар отбасы балалары үшін 1%, бала кезінен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балалар, І және ІІ топтағы мүгедектер үшін 1% квота енгізілді. Ұпайлар тең болған жағдайда, квота санаты мен сертификаттың орташа балы есепке алынады, – деп атап өтті Насымжан Оспанова.
Ақзия ОРАЗАЛИЕВА
«QH»