Колледждер еңбек нарығына бейімделуде

Қарағанды облысында Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылының қорытындысы шығарылды. Өңірде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін еңбек нарығының нақты сұранысына бейімдеу, білім мен өндіріс арасындағы байланысты күшейту және дуалды оқытуды дамыту басты басымдыққа айналды.

Аппараттық кеңесте талқыланған мәліметтерге сәйкес, бүгінде облыста 52 колледж жұмыс істеп, онда 33 мыңнан астам студент білім алуда. Олардың басым бөлігі мемлекеттік тапсырыс негізінде оқиды. Колледждер кластерлік қағидаға көшіп, білім беру бағдарламалары жаңа мамандықтар Атласы мен өңір экономикасының қажеттіліктеріне сай жаңартылды. Соның нәтижесінде техникалық бағыттағы мамандықтарға қабылдау орта есеппен 60 пайызға артқан.

Облыстық білім басқармасының басшысы Дулат Жекебаевтың айтуынша, автокөлік жасау, цифрлық техника, электр жабдықтарын қызмет көрсету және жөндеу, ауылшаруашылығын механикаландыру сияқты сұранысқа ие бағыттар бойынша студенттер саны айтарлықтай өскен. Сонымен қатар мемлекеттік тапсырыс аясында темірбетон және металл бұйымдарын өндіруге арналған мамандар даярлау қолға алынды.

Білім беру жүйесіндегі өзгерістер аясында Қарағанды кәсіптік-техникалық колледжі Цифрлық технологиялар және дизайн колледжі болып қайта құрылды. Облыс колледждерінде 14 заманауи құзыреттілік орталығы ашылды. Ал мектептерде медициналық, педагогикалық, аграрлық, IT, тау-кен және теміржол салалары бойынша бейінді сыныптар жұмыс істей бастады.

Сондай-ақ бес колледж халықаралық аккредитациядан өтіп, әлемдік стандарттарға сәйкестігін растады. Студенттер кәсіби шеберлік сайыстарында да жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Атап айтқанда, Қарағанды облысының құрамасы WorldSkills Kazakhstan 2025 чемпионатында жалпыкомандалық есепте үшінші орынды иеленіп, бес алтын, жеті күміс медаль және 14 медальон жеңіп алды.

Алдағы жоспарлар да ауқымды. 2026 жылы облыс колледждерінде бес жаңа мамандық ашу көзделіп отыр. Олар – маркшейдер ісі, ет және ет өнімдерін өндіру, бұйымдарды химиялық тазалау және бояу, графикалық және мультимедиялық дизайн, гидротехникалық мелиорация.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың айтуынша, Жұмысшы мамандықтары жылы өңірдің дұрыс бағытта дамып келе жатқанын көрсетті. Алдағы кезеңде еңбек нарығына қажетті кадрлар даярлауды жалғастырып, халықаралық стандарттарды енгізу және кәсіпорындармен әріптестікті одан әрі нығайту негізгі міндет болып қала береді.

Құралай КӨБЕНОВА,

«QH»