Колледж түлектері еңбек нарығына сенімді қадам басуда

Биыл Қарағанды облысында техникалық және кәсіптік білім беретін 52 оқу орнын 10 мыңға жуық түлек тәмамдайды. Аппараттық кеңесте түлектердің жұмыспен қамтылуы мен еңбекке орналасуы мәселесі жан-жақты талқыланды.

Білім басқармасының мәліметінше, өткен жылы колледж түлектерінің 90,8 пайызы жұмысқа орналасқан. Бұл көрсеткіш биыл 93 пайызға жетуі мүмкін. Бұған колледждерді бейіндендіру, кәсіпорындармен тығыз байланыс орнату, дуальді оқыту және мақсатты кадр даярлау үлесін қосуда.

– Жұмыспен қамту пайызы жоғары салалар – денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және білім беру. Ал ақпараттық технологиялар, математика, бизнес пен құқық салаларында көрсеткіш орташа немесе төмен деңгейде, – деді білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова.

Қазіргі таңда 74 компания колледждерді қамқорлығына алып, 8 мыңға жуық келісімшарт жасалған. Бұл мақсатты даярлықты қамтамасыз етумен қатар, түлектердің нақты жұмыс орындарына жол табуына мүмкіндік береді.

Колледждерде дуальді оқыту жүйесі кеңеюде: шамамен 40 оқу орны осы модельге көшті. Сонымен қатар студенттер өндірістік тәжірибе кезінде-ақ жұмыс берушімен байланыс орнатып, жұмыс табуда.

Мысалы, Қарағанды тамақтану және сервис колледжінің директоры Құралай Әбенованың айтуынша, олардың студенттері тәжірибе кезінде болашақ жұмыс орнымен келісіп қояды. Биыл колледжді 231 түлек бітірсе, олардың басым бөлігі қоғамдық тамақтану орындарында жұмысқа орналасады. Жыл сайын өтетін жұмыс берушілер форумының нәтижесінде түлектердің шамамен 60-70 пайызы бірден жұмыс табады. Сонымен қатар, колледж Түркиямен халықаралық тағылымдама бағдарламасын жүргізуде.

Аппараттық кеңесте жазғы демалыс кезінде оқушылар мен студенттердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселесі де қозғалды. Уақытша жұмыс іздеушілер үшін Enbek.kz платформасында «Менің жазғы демалысым» арнайы бөлімі іске қосылып, Skills.Enbek порталы арқылы тегін онлайн курстарға қатысу мүмкіндігі ұсынылды.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Төлеу Мұхтардың айтуынша, мансап орталықтары арқылы жастар уақытша да, тұрақты да жұмыс таба алады.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев түлектерді жұмысқа орналастыру ісінде колледждер мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайту, кәсіптік бағдар жұмыстарын жандандыру, сондай-ақ жаз мезгілінде жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берді.

Мамандық таңдау – болашаққа бастар жол. Ал Қарағандыда бұл жол нақты іспен және тұрақты жұмыс орындарымен бекітіліп отыр.

Құралай КӨБЕНОВА,

«QH»