Кітапты серік еткен өрендер

Қазіргі таңда өскелең ұрпақтың рухани дүниесін байыту, олардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру және қоғамдағы негізгі құндылықтарды бойына сіңіру мәселесі ерекше назарда. Осы бағытта жүйелі түрде жүргізіліп жатқан маңызды шаралардың бірі – «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында іске асырылатын «Балалар кітапханасы» жобасы. Жоба тек оқушылардың білімін толықтырумен шектелмей, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, эстетикалық талғамын қалыптастыруға және қоғамдық құндылықтарды бойына сіңіруге бағытталған кешенді жүйе. Сол мақсатта Қарағанды қаласындағы №2 арнайы мектеп-интернатында облыстық тәжірибе алмасу семинары ұйымдастырылды.

Тәжірибе алмасу семинары облыстық білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының жылдық жоспарына сәйкес өткізілді. Бұл шараның басты міндеті – «Балалар кітапханасы» жобасының тиімді тәжірибелерін кеңінен тарату, облыс мектептері арасындағы әдістемелік ынтымақтастықты нығайту және оқушылардың кітап оқу мәдениетін қалыптастырудың жаңашыл жолдарын ортаға салу болды. Семинар барысында педагогтер кітапхананы тәрбие жұмысына тиімді енгізудің жолдарын, шығармашылық форматтағы шаралар арқылы оқушылардың қызығушылығын ояту әдістерін, сондай-ақ, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік құндылықтарын насихаттаудағы үздік тәжірибелерді талқылады.

Әсіресе ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жүргізілетін тәрбие жұмысына назар аударылды.

– Біздің мақсатымыз баланы тек біліммен қамтамасыз ету емес, оны рухани тұрғыда тәрбиелеу. Оқушыны кітапқа, өнерге, қоғамға жауапкершілікпен қарайтын тұлға ретінде қалыптастыру. «Балалар кітапханасы» жобасы осы бағыттағы жұмыстарды жүйелеп, тәрбие үдерісіне жаңа мазмұн әкеліп отыр, – деді мектеп-интернат директоры Эльмира Амандықова.

Қазіргі таңда жобаның аясында №2 арнайы мектеп-интернатында бірнеше шығармашылық шара тұрақты түрде жүргізілуде. Мектеп облыстағы бірқатар кітапханамен тығыз әріптестік орнатып, жүйелі жұмыс жасайды. Мектепте кітап оқуды шығармашылықпен ұштастыратын бірнеше театр үйірмелері қызмет көрсетеді. Бұл үйірмелер оқушылардың жас ерекшеліктерін, мүмкіндіктерін ескеріп, кітапқа қызығушылығын арттыруға, көркем ойлауын дамытуға және әлеуметтік дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.

Мысалы «Браво» драма театры көркем әдеби шығармаларды сахналау арқылы оқушылардың актерлік шеберлігін дамытады. «Силуэт» көлеңке театры ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың қиялын жетілдіріп, қарым-қатынас жасау дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ал мектептің ең кішкентай тәрбиеленушілеріне арналған «Айналайын» жастықтар театры ертегі әлемі арқылы баланың сенсорлық қабылдауын, тілдік қорын және эмоционалдық дамуын қолдайды. Орта буын оқушылары қатысатын «Ер Төстік» жасөспірімдер театры қазақ ертегілері мен ауыз әдебиеті арқылы ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған.

Қоғамды өзгертетін үлкен ұғымдар кейде қарапайым дүниеден басталатыны белгілі. Сол сияқты, «Балалар кітапханасы» жобасы да қоғамның рухани дамуына, жастардың мәдени және адамгершілік қабілеттерінің қалыптасуына маңызды үлес қосып отыр. Жоба арқылы тәрбиеленушілер тек білім алып қана қоймай, кітап пен өнерге қызығушылық танытуды үйреніп, өздерін жауапкершілікпен және белсенді азамат ретінде таныта алады. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстар қоғамды оң бағытқа қарай дамытуға, жас ұрпақтың жан-жақты дамуына елеулі ықпал етеді.

Ералы ҒАНИ,

«QH»