Кітапсүйерлер бәйгесі басталды
Қаламызда «Кітап оқитын ұлт» пилоттық жобасының іріктеу кезеңі басталды. Жобаға қатысушылар 6 ай ішінде белгіленген 15 кітапты оқып, енді бірнеше кезең бойынша білімдері мен оқырмандық деңгейін сынайды.
Қазіргі уақытта тестілеу Шымкент, Қостанай облысы және Қарағанды облысы бойынша жүргізілуде. Байқау алты санатқа бөлінген: «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын педагог», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын әулет» және «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші». Сәуірдің 1 күнінен бастап ұстаздар өзара бақ сынауда. Олар мектепішілік кезеңде тест тапсырған, ал үздік нәтиже көрсеткен мұғалімдер облыстық кезеңде квизге қатысады.
– Қыркүйектің 20-нан бастап бүгінгі күнге дейін жоба бойынша әртүрлі жұмыстар жүргізілді. Оларға кураторлар сайланып, оқырман клубтары ашылды. Қатысушылар берілген 15 кітапты жан-жақты талдап, көптеген жұмыстар атқарды. Бұл тізімге Өзбекәлі Жәнібек «Мәдени майдан», М.Жұмабаевтың «Педагогикасы», Дейл Карнегидің «Алаңсыз өмір сүру құпиялары» кіреді. Көптеген мұғалімге қажетті кітаптар беріліп, осы 15 кітапты оқып шыққан барлық ұстаздың қоржынында жеңіс бар деп айтуға болады, – деді «Кітап оқитын ұстаз» санатына жауапты менеджер Мөлдір Әлжанова.
Бекзат Алтынбек – М. Жұмабаев атындағы гимназия мұғалімі. Ол «Кітап оқитын ұлт» жобасының «Кітап оқитын ұстаз» санатына қатысып, тізім бойынша берілген 15 кітапты толық оқып шыққан. Ұстаздың айтуынша, бұл жобаға қатысқан әрбір адам – жеңімпаз.
– Бұған дейін де кітап оқығанды жақсы көретінмін, бірақ көбінесе көркем әдебиетті таңдайтынмын. Осы жобаға қатысып жүргенде бір жаңалығымды түсіндім. Адамның уақыты бар екен. Тапсырма алдында қобалжу болды, бірақ бәрі ойдағыдай өтті. Жақсы тапсырып шықтық, сұрақтар мазмұны бойынша да өте жақсы жасалған, – дейді жобаға қатысушы Бекзат Алтынбек.
Жоба аясында кітап оқуға қызығушылықты арттыру, оқырмандық белсенділікті күшейту және қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыру көзделген. Сонымен қатар, жас ұрпақтың ой-өрісін кеңейту, сыни тұрғыдан ойлау қабілетін дамыту және ұлттық әрі әлемдік әдебиетке деген құрметін арттыру да негізгі мақсаттардың бірі болып табылады, – дейді жобалық кеңсе жетекшілері.
– Жобаның мақсаты – кітап оқу дағдысын қалыптастыру. XXI ғасырда технологиялар қарқынды дамып, балалар гаджеттерге байланып отыр. Сондықтан бүгінгі таңда мемлекетіміздің стратегиялық бағыттарының бірі – адами капиталды дамыту, ал адами капиталды дамыту дегеніміз адамның біліміне және қабілетіне көңіл бөлу, – деп атап өтті «Кітап оқитын ұлт» жобасын жүзеге асыратын жобалық кеңсе жетекшісі Дана Бақтығалиева.
Жоба қорытындысы бойынша бірінші орынға 1 миллион теңге, екінші орынға 600 мың теңге, ал үшінші орынға 400 мың теңге табысталады. Барлық кезеңнен сүрінбей өткен жеңімпаздар 23 сәуір – Ұлттық кітап күні марапатталады.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

