Кітапханалық жоба

Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасы балалар мен жасөспірімдер арасында әлем халықтарының мәдениетін насихаттауға бағытталған «Мәдениеттер тоғысы» кітапханалық жобасын іске асыруда. Рухани нысанда өткен аптада Үндістанның мәдени күндері өтті.

Әр ұлттың өзіне сай әрі жарасымды салт-дәстүрлері, жөн-жоралғылары, таным-түсінігі бар. Оның ішінде Үндістан мәдениеті – адамдардың өміріне әсер ететін рәсімдер мен сенімдерге, құндылықтар мен әдеттерге бай.

– Биыл кітапханамызда «Мәдениеттер тоғысында» деген ерекше жобамызды бастадық. Жобаның мақсаты – балаларды әлем әдебиеті мен мәдениетін таныстыру. Жыл басынан бастап, бізде Италия, Жапония, Қытай елдерінің мәдениеті бойынша апталықтар ұйымдастырылды, – деп атап өтті Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасының басшысы Баян Уатаева.

Шарада Үнді ұлттық әндері мен билері, танымдық ойындар және Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайының қорынан суреттер көрмесі және кітап көрмесі ұсынылды. Сонымен қатар, қонақтарға йога, хнамен көркем кескіндеме, аспаздық бойынша шеберлік сабақтары өткізілді, сондай-ақ Үнді ертегілері негізінде «Алтын бөкен» мультфильмі көрсетілді. Сонымен қатар Үндістан мәдениеті – әртүрлі дін, этникалық топтар және тарихи оқиғалар әсер еткен әртүрлі әдет-ғұрыптар мен дәстүрлердің қоспасы. Бұл елдің мыңдаған жылға тамырын жайған тарихы бар және оның мәдени мұрасының бір бөлшегі қатысушылардың сәулет, музыка және би өнерінде ерекше көрінеді.

– Біздің мақсатымыз – қарағандылықтарға Үндістанды басқа қырынан көрсету. Мысалы, Үндістан бір кездері Арал болған, ал бүгінде бұл әлемдегі ең үлкен демократиялық ел. Үндістанда индуизм күнтізбесі бойынша 6 маусым бар және бізде адамдар түрлі тіл мен диалектілерде сөйлейді. Сондай-ақ, ет жемейтіндер яғни вегандар да көп, – дейді шараға қатысушы Глория Бабу.

Әртүрлі елдің мәдениеттерінің, дәстүрлерінің ерекшеліктерімен танысу балаларға әр ұлттың даралығы мен дербестігін көрсетті және бұл өткізілген шараның негізгі миссиясының орындалғанының белгісі.

Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,                                    

«QH»