«Кішкентай гүл»: Қарағандыда жаңа фильм көрерменге жол тартты

Жас дарынның арманға апарар жолдағы күресі – шабыттың бастауы. Шаһарымыздағы телеарналардың бірі көрерменге жаңа туынды – «Кішкентай гүл» көркем фильмін ұсынбақ. Режиссер Қаршыға Иген түсірген картинада гимнастикаға құштар кішкентай қыздың табандылығы мен арманына жету жолындағы қайсар қадамы бейнеленеді.

Армандардың жетегінде шымыр болашаққа ұмтылған бір қыз – бұл хикая Дарана жайында. Ол – гимнастикаға деген ерекше құштарлығымен көзге түсетін, табандылығы мен еңбекқорлығын әр күн сайын дәлелдейтін жас өрен. Фильм барысында көрермен оның күнделікті жаттығуларына куә болып, спорттағы алғашқы қадамдары мен жетістіктерін бірге бастан өткереді.

– Бұл фильмнің басты мақсаты – гимнастика мектебінің тыныс-тіршілігі мен өмірлік драманы бір арнаға тоғыстырып, әсерлі оқиға желісін құру. Спорттың күрделі де көркем әлемін көрсету арқылы көрерменге терең ой салу көзделген. Фильмде гимнастиканың сан түрлі элементі қамтылған. Олардың бір бөлігін жарыстар кезінде таспаладық, ал негізгі жаттығу сәттері мен техникалық көріністерді қазіргі уақытта студияда арнайы түсіріп жатырмыз, – дейді кейіпкер қыздың анасы Лейла Нұрғалиева.

Кішкентайынан үлкен арманның жетегінде жүріп, спортқа берілген Дарана – бүгінде көркем гимнастика әлемінде өз жолын бастап келе жатқан жарқын талант. Бар-жоғы үш жарым жасында гимнастикаға қызығушылық танытып, арнайы іріктеуден сүрінбей өткен ол, бүгінде Әлия Юсупова атындағы гимнастика мектебінде жаттығады. Халықаралық және республикалық жарыстарға қатысып үлгерген жас спортшы алғашқы жетістіктерімен-ақ болашағынан зор үміт күттіріп отыр.

– Фильмде Дарана күнделікті гимнастикаға барып жүрген өз өмірін, образын сомдайды. Әрине ол кәсіби әртіс емес, әлі бала. Сондықтан кейде «Қалай ойнасам екен?», «Образды қалай ашам?» деп ойға шомып, толғанып жүреді. Бірақ ең қызығы – ол өзіне ешқандай жасанды бейне іздемейді. Қандай болса, сондай қалпында образын еркін жеткізіп, шынайы ойнап жүр. Міне, оның табиғилығы мен шынайылығы фильмнің әсерлі шығуына ықпал етуде, – дейді Лейла Нұрғалиева.

– Гимнастикамен қатар, мен түрлі фильмдерге де түсіп жүрмін. Мектепке барсам да, бос уақытымды тиімді пайдаланып, жаттығуларды жібермеуге тырысамын. Ең үлкен арманым – бір күні Олимпиада чемпионы атану, – деп өз ойымен бөлісті басты кейіпкер Дарана Қайратова.

«Кішкентай гүл» фильмі – арманы асқақ, мақсатқа ұмтылған жас өрендерге арналған шабытты туынды. Бұл шығарма көрерменге тек мотивация сыйлап қоймай, еліміздегі спорт мәдениетінің маңызын айқындай түсіп, оның дамуына өз үлесін қосуға бағытталған.

ЖҰПАР АМАНБАЙҚЫЗЫ,

«QH»