Киокушин рухы – жеңіске жетелеген күш

Қарағанды қаласында киокушинкай каратэнің кумитэ бөлімі бойынша дәстүрлі турнир өтті. Спорттық додаға Қазыбек би және Әлихан Бөкейхан аудандарынан 900-ге жуық қатысушы келді.

Жарыстың басты мақсаты – жастарды спортқа баулу, салауатты өмір салтын насихаттау және жаңа таланттарды анықтау.

– Қарағандыда және оған іргелес аудандарда 5 мыңға жуық спортшы тұрақты түрде жаттығады. Бұл турнирде үздіктерді іріктеп, алдағы облыстық және республикалық чемпионаттарға дайындаймыз, – деді Киокушинкай каратэ Бүкілқазақстандық ұйымының Қарағанды филиалының директоры Тимур Райымбеков.

Бес жастан бастап ересектерге дейін қатысқан жарыста жас спортшылар ерекше көзге түсті. Соның бірі – Саида Ибраева үш жекпе-жекте жеңіске жетіп, өз салмағында чемпион атанды.

Жарыс жеңімпаздары медаль және дипломдармен марапатталды. Ал апта соңында Қарағанды құрамасы Алматыда өтетін оқу-жаттығу жиынына қатысып, қараша айында Австралияда өтетін Әлем кубогында ел намысын қорғайды.

Ералы ҒАНИ,

«QH»