ӘКІМНІҢ МИЛЛИОН ТЕҢГЕЛІК ГРАНТЫНА ӨТІНІМ ҚАБЫЛДАУ БАСТАЛДЫ
Соңғы жеті айда облыста екі мыңнан астам кәсіпкер мемлекеттен қаржылай қолдау алды. Бұл мақсатта бюджеттен шамамен 72 миллиард теңге бөлінген
Кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаева Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте бизнестегі дағдарысқа қарсы қандай шаралар қабылданғанын атап өтті.
— «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында тамыз айында 1,7 миллиард теңге сомасында қосымша қаражат бөлінеді. Қаржыландырудың жалпы сомасы 8,7 миллиард теңгені құрайды. Бұл өткен жылдан үш есе көп. Қыркүйек-қазан айларында жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін осы бағдарлама бойынша гранттарға байқау басталады, – деп мәлімдеді басқарма басшысы.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 1 шілдеге дейін шағын және орта бизнесті жалдау ақысынан босату мерзімі ұзартылды. Бұл мемлекеттік және жартылай жеке меншіктегі нысандарға қатысты. Барлығы 608 нысан жалдау ақысынан босатылды.
Пандемиядан ең көп зардап шеккен экономика секторлары үшін жеңілдетілген несие беру жобасы жұмыс істейді. Қажетті несиені кәсіпкерлер 6%-дық жылдық өсіммен ала алады. Сондай-ақ, «Бастау Бизнес» жобасының түлектері үшін шағын және орта бизнеске жеңілдікпен шағын несие беру жұмыс істейді. Осы айдан бастап «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша 500 шағын несие берілетін болады.
Татьяна Аблаеваның айтуынша, ауыл кәсіпкерлері үшін несиенің максималды сомасы 7,3 миллион теңгені, ал қала кәсіпкерлері үшін – 23,4 миллион теңгені құрайды.
Тамыз айында Жастар кәсіпкерлігін дамытуға облыс әкімінің 100 грантына өтінімдер қабылдау басталады. Бір грант – бір миллион теңге. Сонымен қатар, өңірдің барлық қалалары мен аудандарында жас кәсіпкерлерге грант беру жалғасуда.
— Бүгінде Бұқар Жырау, Қарқаралы, Жаңаарқа аудандарында және Саран қаласында жас кәсіпкерлерге гранттар бөлінген. Жалпы сомасы — 150 миллион теңге, – деді Татьяна Аблаева.
Гранттар «Еңбек» бағдарламасы бойынша да бөлінеді. Қазірдің өзінде әрқайсысы 200 айлық есептік көрсеткіш бойынша 685 грант берілді. Жыл соңына дейін тағы 290-ы іске асырылатын болады.
— Жыл басынан бері 2 мыңнан астам кәсіпкерге 71,8 миллиард теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілді. «Бастау Бизнес» бойынша 1247 адам арнайы курс оқыды, – деп түйіндеі Аблаева.
Ал, Балқаш қаласына алты жас кәсіпкер қала әкімінің грантына ие болған. Балықшылар мекенінің өзінде жастар кәсіпкерлігін дамытуға және қолдауға биыл 10 миллион теңге жұмсалған. Балқаш қаласы әкімінің гранты 2018 жылдан бастап беріледі. Осы уақыт ішінде 24 жас кәсіпкер өз бизнес-жобаларын жүзеге асыру үшін жалпы сомасы 32 миллион теңгені иемденген.
Бизнес-жобаны құру және грант алу бұл – ісін жаңа бастаған кәсіпкердің алғашқы қадамдары ғана. Әрі қарай, кәсіпкерлік қызметтің негіздерін үйренуі керек. Осы мақсатта грант иелері «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша оқудан өтеді, кәсіпкерлер палатасының қызметкерлерімен кеңеседі. Сондай-ақ, олар үшін жастар ресурстық орталығы кездесулер ұйымдастырады. Онда табысты бизнесмендер өз тәжірибелерімен бөліседі.
Ең көп гранттық қаражатты Арман Мақсұтов пен Нұрсұлтан Есімхан ұтып алды. Арманның арманы – пакеттер өндірісін кеңейту. Ол үшін оған бір миллион теңге керек.
Ал, Нұрсұлтан Есімхан жасанды жағдайда өсімдік өсірумен айналысатын болады. «Гидропоника – жаңа заман мамандығы» екендігін ескерсек, жас жігіттің кәсібі нәсібіне айналмақ.
— Кәдімгі малға жем болатын шөп өте қымбат. Қыста бағасы тіптен аспандайды. Ғаламтор сайттарынан гидропоникалық қондырғы туралы оқып қалдым. Сатуышға хабарласып, қондырғының Таразда сатылатындығын білдім. Қызығушылығым артып, гидропоникалық жасыл жем өсіру курстарына қатыстым, — дейді грант иегері.
Ақторғын ДАРХАНҚЫЗЫ, QH