Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төреғалығымен Дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысы өтті

Отырыста көлік және сауда мәселелері қаралды. Жедел шешімді талап ететін негізгі мәселелердің бірі – туындаған көліктік-логистикалық проблемаларды шешу.

Премьер-Министр қазақстандық жүктердің транзиті бойынша Әзербайжанмен және Грузиямен келіссөздер нәтижелерін ескере отырып, жедел шаралар қабылдауды және баламалы көлік дәліздерін пайдалану мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Осы орайда Ә. Смайылов қазақстандық жүктерді тасымалдау тарифтерін төмендетудің маңыздылығын атап өтті.

Қазіргі уақытта 1,5 млн тоннадан астам азық-түлік көлемінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жеткілікті қоры қалыптастырылды. Қазақстан Республикасы Сауда желілері одағының ақпаратына сәйкес, сауда орындарындағы қор халықтың таяу уақыттағы қажеттілігін қамтамасыз етеді. Өндірісте импорттық тауарларды пайдаланатын өндірушілердің экономикалық белсенділігін қолдау, сондай-ақ ішкі нарықты азық-түлікпен толықтыру үшін Премьер-Министр экономикаға әсер ететін тауарларға импорттық кедендік баждарды алып тастау мәселесін қарастыруды тапсырды. Жедел штабтың келесі отырысы 10 наурызда өтеді.