Әкім шатырға шықты
Сенбі күні қала әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Қарағанды қаласындағы проблемасы көп аудандар мен көшелерге рейд жүргізді.
Әкім сараптама жұмыстарын Жамбыл көшесіндегі 1-үйден бастады. Мердігерлер ғимараттың шатыры мен қасбеттеріне «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізген. Еңбек нәтижесіз болып, ауа райы жылынғанда шатырдан су аққан. Бұл мәселе жөнінде тұрғындар тарапынан әкімдікке 13 шағым-хат түсіпті. Халық наразылығын бей-жай қалдырмаған шаһар басшысы жауаптылармен бірге үйдің шатырына шығып, былықты өз көзімен көрді. Ермағанбет Қабдолұлының тапсырмасымен мердігерлер барлық шығынды өз мойындарына алып, шатырды қайта жөндейтін болды.
Әкім Пришахтинск қаласындағы қараусыз қалған үйге ат басын тіреді. Ел мырзасы қарамағындағыларға үйдің жалпы аумағын есептеп, жалға берілетін ғимарат жоспарын дайындауды тапсырды.
Ендігі кезекте автобус үлкен Михайловка ауданына келіп тоқтады. Аудандағы жайтты «Қарағанды қаласының коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ басшысы Әлібек Серікұлы баяндады.
«Биылғы жылы Вагонная көшесінен теміржол өтпесі мен Долинская көшесіне дейінгі жолды орташа жөндеу жоспарланған. Қазіргі уақытта мердігер компанияларды анықтау үшін мемлекеттік сатып алу бойынша конкурстық жұмыстар жүргізілуде»,-деді шенеуік.
Қала басшысы төрт сағат бойы төрткүл шаһарды аралап, халықпен кездесті, мәселелерін тыңдады. Әкім қаланың тыныс-тіршілігін өз көзімен көріп, қарамағындағыларға тапсырма берді.
Ақзия Оразалиева