«Киелі мекен» апталығы
Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні 1984 жылдан бастап жыл сайын 18 сәуір күні аталып өтеді. Мерекені 1983 жылы ЮНЕСКО жанындағы Ескерткіштер мен көрнекті орындарды қорғау мәселелері жөніндегі халықаралық кеңес ассамблеясы белгілеген. Мерекенің басты мақсаты – тарихи ескерткіштерді сақтау және мәдени мұраны қорғау мәселелеріне қоғам назарын аудару. Осыған орай сүйікті қаламыздың ескерткіштеріне тазалық жұмыстарын жүргізуге қала жастары қатысқан болатын.
Еске сала кетейік, елімізде 6 сәуірден бастап республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтіп жатыр. Бұл акцияның басты мақсаты – экологиялық мәдениет қалыптастыру, «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тұжырымдамасы негізінде отансүйгіштік, табиғатты қорғауға, қоршаған ортаға деген жанашырлық құндылықтарын дәріптеу. «Киелі мекен» бағытындағы осы апта тарихи-мәдени ескерткіштер аумағын абаттандыру жұмыстарына арналады.
Жеңіс саябағында Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлерге арналған мемориалдық кешен, Жеңістің 60 жылдығына арналған стела және Чернобыль батырларына арналған ескерткіштер тіркелген. Экологиялық акция қатысушылары олардың әрқайсысының маңында тазалық жұмыстарын жүргізді.
– Бұл акцияны біз өңіріміздің барлық тұрғынына үндеу ретінде өткіземіз. Жастарды, еріктілерді және барлық халықты аулалар мен көшелерді қоқыстан тазартуға және облысымыздағы экологиялық жағдайды жақсартуға шақырамыз. Барлығымыз сүйікті өлкемізді, жерімізді таза ұстайтын болсақ, бұл – біріншіден, барлығымызға тәртіп, екіншіден, үлкен тәрбие. Жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады. Біздің акцияларға барлық ЖОО студенттері мен волонтерлік ұйымдардың өкілдері қатысуда, – дейді Қарағанды облысының Жастар ресурстық орталығының маманы Ардана Мырзанова.
Экологиялық акцияға еріктілер, Қарағанды облыстық жастар ресурстық орталығының қызметкерлері және Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінің студенттері бір адамдай қатысты. Біздің алдымызда тұрған басты міндеттердің бірі – барша қоғам болып ұлы дала халқының ұлттық құндылықтарын сақтау және болашақ ұрпаққа аманат ету.
– Міне, бүгін біз де «Таза Қазақстан» акциясына үлес қосып жатырмыз. Өзім де эколог мамандығында оқып жатқандықтан, мұндай шаралар мен үшін маңызды. Жастар көбірек тартылса деймін, еліміздің әрбір азаматы өзі тұрып жатқан жерінің тазалығын сақтауы тиіс, тазалық әдемі көрінеді, әрі бұл денсаулыққа да пайдалы. Экологиямыз жақсы болса, ол бізге жақсы әсер береді. Бір адам жай ғана бір жерді сыпырса да немесе бір қоқысты жинаса да, оның өзі үлкен үлес болады, – дейді ҚЭУ-дің 1-курс студенті Гүлім Нұрболат.
Бұған бөлек Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының ардагерлері мен Жастар ресурстық орталығының еріктілері қаламыздағы «Мәңгілік алау» мемориалының аумағын тазалады.
Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы 11 мамырға дейін жалғасады.
Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ,«QH»