Кибербуллингтен қорғау

Кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар саны 2,7%-ға өскен. Бұған заңнамадағы өзгерістер мен қылмыстарды анықтаудың жаңа әдістері әсер еткен. Шенеуніктер облыс әкімдігінде өткен кеңесте білім мекемелерінде балаларды кибербуллингтен қорғау әдістері туралы айтты.

Оқу жылының басынан бері буллингтің 2 фактісі анықталды – бірі Қарағанды, ал бірі Абайда. Арнайы сауалнаманың арқасында шенеуніктер мен полицейлер кәмелетке толмағандар арасында қорқыту мен бопсалау фактілерін анықтай алды. Жалпы алғанда, бүгінде полиция қадағалауында 310 жасөспірім бар, тағы 486 балада ырықсыз мінез-құлық анықталған.

– Біз қауіпті жайттардың алдын алуға тырысып жатырмыз. Әсіресе мектеп қабырғаларындағы қорқыту әрекеттері мен буллинг тәртіп сақшыларының жұмысымен ауыздықталуда. Айтып өткендей жасөспірімдер арасындағы қылмыстық әрекеттер 2,7 пайызға өскен. Оның ішінде әлімжеттік көрсету мен жеңіл жарақаттарға апарған заңсыз істер қозғалған, – дейді Қарағанды облысы полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.

Балаларды тәрбиелеу міндеттерін орындамағаны үшін биыл 915 ата-ана жауапқа тартылды. Алдын алу мақсатында өңірдің мектептері мен колледждерінде заңнамадағы өзгерістер және қорқыту мен кибербуллинг мәселелері туралы арнайы дәрістер өткізіледі, ата-аналардың, педагогтардың кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін жауапкершілігі туралы да айтылады. Облыстың 316 мектебінде HR+ психологиялық-педагогикалық мониторингтің автоматтандырылған жүйесі енгізілді. Сондай-ақ ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары жұмыс істейді. Сонымен қатар, билік кәмелетке толмағандармен жұмысты бірден облыстық деңгейде үйлестіруді жоспарлап отыр. Бүгінгі таңда өңірдің 9 мектебі балаларға зейінділік пен эмоцияларды дұрыс білдіруді үйрететін «Кива Буллингке қарсы бағдарламасы» Республикалық пилоттық жобасына қатысуда. 5 мектеп оқу орнындағы әлеуметтік-эмоционалдық ахуалды жақсартуға бағытталған «Досбоlike» науқанына тартылды.

Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,                                   

«QH»