Киберқауіпсіздікке қарсы кәсіби дайындық

Соңғы жылдары азаматтардың қаржылық қауіпсіздігіне ең үлкен қатерлердің бірі – онлайн алаяқтық. Мемлекет осы қауіпке қарсы полиция қызметкерлерін жаңа әдістермен оқытуды қолға алды.

Қарағанды облысы полиция департаментінің киберполицейлері алғашқылардың бірі болып әлемдегі ең ірі қауіпсіздік ұйымының тестілеуінен өтті. Бұл ұйымға Еуропа, Солтүстік Америка және Азиядан 57 ел кіреді.

«Бұл карталаудың мақсаты – киберқылмыспен күреске тартылған қызметкерлердің білім деңгейі мен даярлығын анықтау. Жиналған ақпарат болашақта бүкіл Қазақстан бойынша киберқылмыспен күрес саласында мамандарды даярлау стратегиясын әзірлеуге негіз болады. Ертең Қарағанды ІІМ академиясына баруды жоспарлап отырмыз. Мақсат пен міндет те сол – полиция қызметкерлерін киберқылмыспен күрес бағытында оқытатын профессорлық-оқытушылық құрамның білім мен дағдыларын бағалап, карталау жүргізу», – дейді ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар офисінің киберқылмыспен күрес бойынша ұлттық үйлестірушісі Михаил Асафов.

Тестілеу Қазақстанның барлық өңірінде жүргізіледі. Алынған нәтижелерді жинақтап, мамандарды оқыту жоспары халықаралық Еуропол стандартына сәйкес жасалады. Бұл стандартта мамандардың 10 деңгейлі біліктілік талаптары бар.

Михаил Асафовтың сөзінше, жаңа стратегия тек ішкі істер органдары қызметкерлеріне ғана емес, прокуратура, Қаржылық мониторинг агенттігі сияқты өзге де құқық қорғау органдарына да қатысты болады.

«Қазіргі таңда біз Ұлттық қауіпсіздік комитетімен де жұмыс жүргізіп жатырмыз», – дейді ол.

Бүгінде Қазақстанда киберқылмыспен күресу үшін антифрод-орталық құрылып, биометриялық сәйкестендіру енгізілді. Алаяқтық операциялардың алдын алу бойынша банктер, микроқаржылық ұйымдар мен байланыс операторларының жауапкершілігі күшейтілген.

Сарапшылардың пікірінше, алынған білім мен тәжірибе құқық қорғау органдарының заманауи киберқауіптерге – криптовалютаны пайдалану арқылы жасалатын қылмыстарға, жасанды интеллект технологияларымен жасалатын алаяқтыққа, сондай-ақ электрондық дәлелдемелер саласындағы халықаралық ынтымақтастыққа тиімді ден қою әлеуетін арттырады деп күтілуде.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»