Кезекті Дог пати

Қарағандыда кезекті Дог пати өтті. Төрт аяқты мақұлықтарды қорғаушылар мерекесі ұйымдастырылды.

Мария Дилердің ит асырауда тәжірибесі бар. Ол күйеуімен бірге Дог патиге келді. Айтуынша, мұндай шаралар кішігірім болса да, қоғамдағы жанашырлықты дамытуға, сонымен бірге жануарларға панажай табуға көмектеседі.

– Біз жануарларға мейірімділік пен қамқорлық көрсетуге және олардың иелерін қолдауға келдік. Барлығымыздың ойымыз бір жерден шықты. Адамдар иттерге немқұрайлы қарап жатады. Соның кесірінен қараусыз қалғандары көп. Осындай жәрмеңкелер бәрінің басын біріктіріп, ойын өзгертеді, – дейді Мария Дилер.

Клуб иесі Джек Рассел қала әкімдігінің қолдауымен урбанистика орталығымен бірлесіп, қатарынан бесінші жәрмеңке ұйымдастырды. Қонақтарды ойын-сауық және конкурстар күтіп тұрды, ал тілек білдірушілер жануарларға арналған кәдесыйлар мен тәттілер сатып алды.

– Біз жануарлардың адалдығын, адамды түсінетіндігін көрсету үшін келдік. Олардың жан дүниесі өте кең. Жануарларға күтім жасайтын осындай орталықтардың барына қуанамыз және алдағы уақытта тығыз байланыста болып, көмектескіміз келеді. Жаңадан келіп жатқан адамдар да тұрақты түрде қатысамыз деп жатыр. Бірлік болса, бәрі қолдан келеді. Ең бастысы ешқандай үй жануары көшеде қалмауы керек. Мақсатымыз осы,  – дейді шараны ұйымдастырушы Ирина Безгодова.

Жәрмеңке қарапайым түрде өткізілмейді, бағдарламалары өте ерекше. Өкінішке қарай, ұйымдастырушылардың айтуынша, қаладағы осы орталық қайырымдылық арқылы жиналған қаражаттың арқасында ғана аман тұр. Бұл жәрмеңке де сол мақсатта жасалған екен.

– Бастапқыда көбісі бұл шара не үшін керек, пайдасы қандай деп сұраққа алып жатты. Оларға бәрін ашып түсіндіргеннен бөлек, көрсеткенді жөн көрдік. Бұл тақырыпта айтарымыз өте көп. Мыңдаған жылдар бойы, бүкіл жануарлардың ішінен тек осы ит пен мысық адамдардың жанына жақын болып бірге өмір сүріп келді. Сол үрдісті үзбеу керек. Міне, адамдар үй жануарларына қамқор болып, бірге өмір сүре алатынын, бір жерде тұра алатынын көрсетіп, дәлелдегіміз келді, қолымыздан келіп те жатыр, – деп қосты тағы бір ұйымдастырушы Кристина Власова.

Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ, «QH»