Кезекпен алған үйді қайта жалға беру
Үй кезегі арқылы баспана алып, өзі тұрмай өзгеге жалға бергендер заңсыздығы. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев осыған дейін берілген әлеуметтік тұрғын үйлерге тексеру жүргізуді тапсырды. Барлық қала мен ауданның әкімдіктері тұрғын үй инспекциясымен әлеуметтік үйлерде кімдер тұратынын тексеруі тиіс.
Аппараттық жиналыста облыс әкімі барлық есеп беру кездесуінде тұрғын үймен қамту, баспана кезегіне қатысты көптеген мәселе жолданады. Халық тарапынан, әлеуметтік пәтерлерде кезекпен үй алғандар емес, жалға алған адамдар тұратындығы туралы да ақпарат айтылып жатады. Сондықтан да, барлық қаласы мен ауданның әкімдіктеріне тұрғын үй инспекциясымен бірге осыған дейін берілген үйлерді қайта тексеруді тапсырамын. Толық талдау жасау керек, деді Ермағанбет Бөлекпаев. Берілген әлеуметтік тұрғын үйлерде нақты кім тұрып жатқаны тексерілетін болды. Кеңес отырысында құрылыс басқармасы басшысы осы жылғы үй құрылысына қатысты мәлімет ұсынды.
– Қарағанды облысы бойынша 2024 жылға арналған тұрғын үйді іске қосу жоспары, барлық қаржыландыру көзі есебінен 500 мың шаршы метрді құрайды. Бұл өткен жылдың деңгейімен салыстырғанда 18,2 пайызға артық. Ағымдағы жылдың сегіз айында тұрғын үйді іске қосу үшін, 330,9 мың шаршы метрді құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 18,8 пайызға артық, – дейді Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Мұрат Мағзин.
Қалай дегенмен соңғы жылдары біздің облыста құрылыс аса қарқынды, ағымдағы жылы тұрғын үй құрылысының көлемі 18 пайызға ұлғаяды деп болжануда. Жыл қортындысы бойынша үй кезегінде тұрған 1700 ден астам азаматқа пәтер беріледі деп көзделіп отыр.
– Барлық қаржыландыру көзінен коммерциялық тұрғын үйлер 76 пайыз, мемлекеттік тұрғын үй 10 пайыз. Жеке тұрғын үй 14 пайызды құрайды. 2024 жылға арналған тұрғын үй құрылыс шараларын іске асыру үшін, 23,6 миллиард теңге шамасында қаражат бөлінді. Әлеуметтік тұрғын үй осал тобы санатындағы кезекте тұрған тұрғындарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында, 2024 жылы 1 733 пәтер пайдалануға беріледі деп болжап отырмыз. Оның ішінде 382 пәтер жалға берілетін тұрғын үй, 1 118 пәтер тұрғын үй сатып алу, 233 кредиттік пәтер, – деді Мұрат Мағзин.
Биыл өнеркәсіп және құрылыс министрлігі аумақтарда тұрғызылып, даяр тұрған тұрғын үйлерді үй тұрғызушыдан сатып алу арқылы халықтың әлеуметтік осал топтарын баспанамен қамтудың жаңа тетігін әзірлегенің де айта кетейік. Нақтылай өтсек биылғы жылдан бастап жалға берілетін тұрғын үй жеке құрылыс салушылардан сатылып алынады. Бұл мақсатта осы жылы 16,7 миллиард теңге қаражат бөлінген. Баспанаға мұқтаж әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған, үй кезегінде тұрған азаматтарымыз үшін 1 118 пәтерді сатып алу жоспарланған. Бүгінде конкурстық негізде 31 пәтер сатып алынған. Осы жұмыстар орындалысы пысықталып, тиісті тапсырма жүктелді.
– Құрылыс басқармасы қалалар мен аудандардың әкімдері, жыл қорытындысы бойынша барлық қаржыландыру көзі есебінен тұрғын үйді іске қосу жоспарын қамтамасыз етсін. Тұрғын үй құрылыс жобаларын сапалы және уақытылы аяқтау үшін, қажетті шаралар қабылдансын. Кезекті тұрғындар үшін сапалы тұрғын үй сатып алуды қамтамасыз етсін, – деп тапсырды облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Айта кетейік, үй кезегінде тұрғандардың басым көпшілігі Қарағанды қаласында соған сай облыс орталығындағы үй құрылысы, тапсырылуы баса назарда. Кеңесте облыс әкімі Қарағанды, Теміртау, Балқаш пен Саран қалалары әкімдерінен үй құрылысы, халықты баспанамен қамту мәселелерін сұрады.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ, «QH»