Кеншілер спортының тарланы – Виктор Вовк
Қарағанды өңірі мен жалпы Қазақстанның кеншілер спорты тарихында өшпес із қалдырған тұлға Виктор Вовк 90 жасқа толды. Ол көмір өндірісіндегі маңдай тер еңбегін спорт саласындағы белсенді қызметімен және ұйымдастырушылық қабілетімен шебер ұштастыра білді. Өмір жолында Виктор Вовктың еншісінде ондаған спорттық рекорд пен жүздеген чемпиондарды тәрбиелеу бар. Оның есімі жұмысшы спортының тұтас бір кезеңімен тығыз байланысты. Айтулы мерейтойға орай ардагерді кеншілер қауымы мен ұзақ жылдар бірге еңбек еткен әріптестері арнайы құттықтап, құрмет көрсетті.
Виктор Вовк – Қарағанды көмір бассейнінің ардагері, Қазақстан Республикасының көмір өнеркәсібінің құрметті қызметкері. Ол өткен ғасырдың 1970-жылдарынан бастап шахталарда спорттық қозғалысты дамытуға белсенді түрде үлес қосты. №122 шахтада, қазіргі Күзембаев атындағы кен орнында бұқаралық спорттың дамуына ерекше еңбек сіңіріп, осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізді. Оның жетекшілігімен көптеген жас спортшылар тәрбиеленіп, олардың арасынан спорт шеберлері шықты. 1980 жылы Виктор Вовк Костенко атындағы шахта жанындағы Спорт үйінің директоры болып тағайындалып, спорттық инфрақұрылымды нығайту мен кеншілер арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру ісін одан әрі жалғастырды.
– Костенко атындағы шахтаның ұжымында еңбек ету мен үшін зор мәртебе әрі үлкен қуаныш. Бұл кәсіпорында кезінде спортпен белсенді айналысқан, түрлі команданың құрамында өнер көрсеткен азаматтар аз емес. Осындай ұйымшыл, бірлігі бекем, ортақ мақсат жолында жұмыла жұмыс істейтін ұжымның бір мүшесі болғанымды өзім үшін үлкен бақыт деп есептеймін, – деді Қарағанды көмір бассейнінің ардагері Виктор Вовк.
Мерейтой иесіне арнайы естелік сыйлықтар ұсынылып, иығына шапан жабылды. Бұл көрсетілген құрмет оның көп жылғы еңбегіне берілген жоғары баға мен зор ілтипаттың айғағы болды.
– Бұл азамат – өзгеше тағдыр иесі, ерекше еңбек жолынан өткен жан. Ол шахтадағы еңбек жолын қарапайым жұмысшы ретінде бастап, осы салада жиырма жылға жуық табанды еңбек етті. Ауыр жұмыспен қатар спортты да қатар алып жүрген ол шахтада қызмет ете жүріп, Кеңес Одағының чемпионаттарында марафон бойынша чемпион атанды. Оның еңбегі Костенко атындағы шахтадағы спорттың дамуына зор серпін берді. Нәтижесінде шамамен жиырма бес жыл бойы Костенко шахтасының футбол командасы үздік нәтиже көрсетіп, чемпиондық атақтарды иеленіп отырды, – дейді Qarmet көмір департаментінің әкімшілік бөлімінің бастығы Алмас Рысқұлов.
Виктор Вовк – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, спорт саласының құрметті қайраткері. Салтанатты жиын барысында оған «Құрметті спорт ардагері» атағы беріліп, осы мәртебені растайтын ресми куәлік пен төсбелгі табыс етілді.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»


