«Кенші кәсібі – өмірімнің мәні»
Қызығынан гөрі шыжығы басым әрі сақтық пен жауапкершілікті қажет ететін қиын еңбектің бірі. Осы ауыр кәсіптің иесі кеншілердің кәсіби мерекесі тамыз айының соңғы жексенбісінде тойланады. Кеншілер күні алғаш рет мереке болып 1948 жылы 29 тамызда тойланған болатын. Бұл мереке кейін Қазақстан Республикасының кәсіби мерекелер тізіміне 2003 жылы қарашада енген еді. Содан бері Тәуелсіз Қазақстанның тарихында жылда тамыздың соңғы жексенбісінде кеншілердің кәсіби мерекесі тойланып келеді.
Кеншілердің қажырлы еңбегі сол өңірдің ғана емес, бүкіл ел экономикасының қарқынды дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Сол себепті де кеншілер мерекесі елімізде маңызға ие атаулы күндердің бірі болып қала береді. Ал кенші мамандығын батыл да қайсар жандар таңдайды. Мәртебелі мамандық иелері асқан табандылықты, арнайы білімді, кәсіби шеберлік пен батылдықты талап ететін күрделі мәселелер мен күн сайын бетпе-бет келуге тура келеді. Сондықтан да бұл мамандық қашанда құрмет пен сыйға лайықты мамандық болған. Қарағанды облысының Абай қаласында шаттығы жарасып, ынтымақ пен бірліктің үлгісін көрсетіп отырғандар көп. Өндірісті өлкеде отау құрғандарына 50 жылдан асатын жүздеген отбасы тұрады. Оның бірі – Нұрмамбетовтар әулеті. Ерлі-зайыптылар өмір бойы көмір кеніштерінде еңбек еткен. Шаңырақ иелері жарты ғасырдан астам уақыт бұрын кездейсоқ қонақта танысқан. Кәрібай аға Абай қаласындағы шахтада кенші, Күміс апай басқа облыста ауылшаруашылығы саласының технологы болған. Қайсар қыз жас кеншінің жүрегін бірден жаулап алды. Олар бұрыннан таныс адамдардай шүйіркелесе кетеді.
– Сыпайы, ешқашанда ешқандай артық сөз айтпайды. Сонымен маған ұнағаны ешкімнің сөзін бөлмейді. Тыңдап отырады, одан кейін барып айтады. Ұнамаса, бетіңе айтып салады. Маған сол мінезі қатты ұнады. Бір жылдай хат жазысып, сөйтіп жүрдік, одан кейін отбасын құрдық, – дейді Абай қаласының тұрғыны, құрметті кенші Кәрібай Нұрмамбетов.
Үйлену тойларына дейін бір жылдай басқа облыста тұрған екі жас хат жазысып тұрады. Кейін бұл әдетке айналады. Өйткені екеуі де шахтада еңбек етеді. Оның үстіне ауысымдары сәйкес келмейді. Мереке күндері де жұмысқа шығуға тура келеді. Бір-біріне деген сағыныш пен ыстық ықыласты ақ қағазға жазып қалдырады. Біреуі үйдің тірлігін тындырып, шахтаға бара жатса, екіншісі жұмыстан үйге келе жатады. Кеншілер отбасының өздері бекіткен ережесі – бұл. Осылайша екеуі ұзақ уақыт бір-біріне сүйеу болып келеді.
– Бір-бірімізді ауысыммен істегенде көрмейтінбіз. Сондықтан үйге хат жазамын. «Тамақ, бәрі дайын. Балалар оқуын оқыды» деп. Сонымен балаларымыз қалай өскенін білмей қалдық. Жас жұбайларға шыдамдылық тілеймін. Бір-бірін сыйласын деймін. Бір-бірін түсінсін деймін. Біреуі ашуланса, біреуі үндемеу керек, – деп өз ақылын айтты Күміс Нұрмамбетова.
Кәрібай аға мен Күміс апа қазір құрметті демалыста. Еңбекқор жандар қол қусырып қарап отырмайды. Құрметті кенші қолы қалт еткенде өзен жағасына барып, балық аулайды. Ал жерден жеті жердің астында шар болаттай шыңдалған, адал еңбек етуді ардың ісі санаған жандар жаз мезгілінде бау-бақшаларында бағбандық етеді. Жеміс-жидек, көкөніс өсіріп, оны өңдеумен айналысады. Балалары мен немерелеріне де көңіл бөледі. Бақытты жандар жарты ғасырды артқа тастады. «Алтын той» – көрген бейнетіміз бен жақсылығымыздың өтеуі, – деп топшылайды құрметті кеншілер. Кеншілер әулеті атанған Нұрмамбетовтер мәртебелі мамандықты таңдағандарын зор мақтаныш санайды. Бастысы олар көмір өндірісі саласына тынбай сүбелі үлес қосып, толайым табыс әкелгендеріне бек сенімді.
Жанбота БЕЙСЕМБАЙ, «QH»