Кенелер несімен қауіпті?

Иксод кенелері – бірқатар вирус пен бактериялардың және қарапайым микроорганизмдердің тасымалдаушысы. Адам мен жануарлардың қанына енгеннен кейін бұл қоздырғыштар жұқпалы аурулар тудырады. Олардың ең көп тарағандары: кене вирустық энцефалиті (КВЭ), Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы, Лайм ауруы (кене боррелиозы), Ку безгегі, туляремия. Зертханалық зерттеулер оларды анықтауға мүмкіндік береді. Денеден алынған кенені талдауға тапсырған жөн екенін айтады мамандар.

Паразит тасымалдайтын инфекциялардың қоздырғыштарын талдау кене шаққаннан кейін 10 күннен кейін жасалады, себебі бұл уақытта қоздырғыш қанда айналатын фазада айқын болады. Дәл диагноз емдеуді уақытында бастауға көмектеседі, осылайша ықтимал асқынулардың даму қаупін азайтады. Егер кене шаққан болса, шұғыл түрде жақын жердегі емдеу мекемесіне хабарласу керек. Зардап шеккендерге қосымша 21 күн ішінде күнделікті екі рет термометриямен медициналық бақылау белгіленеді. Осы ретте маман кене жоламас үшін қалай киініп, қандай шараларды назардан тыс қалдырмау керек екенін ескертеді.

– Жылы күндердің басталуымен кенелердің белсенділігі де артады. Төрт аяқты, өткір тұмсықты кенелер көлеңке, ылғал жерлерді жақсы көреді. Табиғат аясына, кешкі серуенге шыққан кезде ұзын балақты киім киіп, жеңіміз жабық болғаны дұрыс. Кене табиғатына сай қысқы ұйқыда ашығады. Содан ұйқыдан оянғанда, сілекей бездерінде түрлі инфекция жиналып тұрады. Кенелер адам денесінде 2-7 күнге дейін сақталады. Адам оны байқамай қалуы мүмкін. Кене шаққаны байқалса, медициналық мекемеге жүгіну керек. Өз бетіңізбен әрекет етпеңіз, – деп атап өтті Қарағанды облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ботагөз Әбілдаева.

Орманға барудан мүлдем бас тартсаңыз да, кенелерден нақты қорғану шаралары жоқ. Кенелерді кездестіру әлдеқайда оңай, олар топырақ пен шөп бар барлық жерде өмір сүреді. Кенелер ауа 5-7°C дейін қызған кезде, яғни аймаққа байланысты наурыз-сәуір айларында оянады. Кене инфекцияларының орташа эпидемиологиялық маусымы сәуірден қазанға дейін созылады. Кенені кездестіру қаупі күзге дейін сақталады. Суық ауа райы басталған алғашқы айларда олар қыстауға орман түбінің жоғарғы қабаттарына келесі жылға дейін кетеді. Есіңізде болсын, денсаулығыңыз өз қолыңызда!

Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ, «QH»