Әкелі-балалы Оспановтар әлемдік аренаны тағы мойындатты
Норвегияның Драммен қаласында өткен әлемдік зілтемір көтеру чемпионатына 54 елден 1400-ден астам спортшы қатысты. Қазақстанның намысын Қарағанды облысынан әкелі-балалы Оспановтар қорғап, үлкен жетістіктерге жетті.
70 жастан асқан ардагерлер арасында жарысқа қатысқан Дәрібай Қараманұлы 93 кг салмақ дәрежесінде классикалық түрінен қола медаль алып, арнайы жабдықпен көтеруден чемпион атанды. Оның халықаралық жарыстардағы медальдары 22-ге жетті.
Ал ұлы Абдулкәрім Дәрібайұлы ерлер арасында 66 кг салмақта классикалық және арнайы жабдықпен көтеруден екі дүркін жеңімпаз болды. Ол да халықаралық жарыстарда 20 медаль иеленген. Сонымен қатар, Абдулкәрім халықаралық төрешілер қауымдастығына кіріп, әлемдік жарыста әділ төрешілік етті.
Қазақстан командасы жалпы командалық есепте де жоғары нәтиже көрсетті. Әсіресе, Ақтаудан шыққан Шоқанов Асқар абсолюттік чемпион атанды.
Әкелі-балалы Оспановтарды құттықтап, олардың одан әрі табысты болуына тілектеспіз!
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»