«Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі: Балаңыздың болашағына сенімді инвестиция

Бүгінгі таңда әрбір ата-ана баласының сапалы білім алып, жарқын болашаққа қадам басуын қалайды. Осы мақсатта Қазақстанда «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі енгізілді. Бұл жүйе балалардың жоғары білім алуына қажетті қаржыны алдын ала жинақтауға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін құруды тапсырған болатын.

− Еліміздегі демографиялық өсім білімге деген сұранысты арттырады. Мемлекеттің білім саласына қатысты жұмысында тұтастық, яғни жүйе жоқ. Тіпті, өзара байланыс жоқ деуге болады. Сондықтан, бес жастан асқан балаларға арналған «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді тапсырамын. Бұл бағдарламада мемлекет тарапынан ұсынылатын бастапқы білім беру капиталы, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс қарастырылуға тиіс. Осы жинақ пен «Ұлттық қор – балаларға» жобасының қаражаты қосылғанда жас ұрпақтың сапалы білім алуына мүмкіндік туады, − деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Келешек» жүйесінің басты мақсаты – ата-аналар, сақтандыру компаниялары және мемлекет тарапынан түсетін қаражатты бір жүйеге жинақтап, әрбір балаға жоғары білім алуға қолжетімділік жасау. Жүйе арқылы 5 жастан асқан балаларға арнайы шот ашылып, оған түрлі көздерден қаражат түседі.

Білім беру жинақтаушы сақтандыру шарты бойынша ата-аналар өз еркімен қаражат аударады. Сақтандыру ұйымдары салынған қаражатты инвестициялап, қосымша табыс әкеледі.

Келешек шоттарын екінші деңгейдегі банктерде және балаларға арналған Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне (МБЖЖ) қатысушы сақтандыру компанияларында ашуға болады. Осыған байланысты ата-аналар осы шоттарды ашқаннан кейін, жыл сайын халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы балалар үшін 12 АЕК (ай сайын 1 АЕК-тен) және қалған балаларға 24 АЕК мөлшерінде ең төменгі жарна төлеуі тиіс.

Жүйенің артықшылықтары:

— ата-аналар мен мемлекет мүдделерінің симбиозы;

— ата-аналар жинақтарының орташа көлемі 3 млн теңгені және одан да көп соманы құрайды;

— ата-аналар мемлекет тарапынан жәрдемдесу арқылы болашақта өз балалары үшін білім алудың өзіндік стратегиясын құра алады;

— білім беру шотында жинақталған қаражатты құнсызданудан қорғайды;

— грант/диплом алған кезде жинақталған қаражатты тұрғын үй сатып алуға пайдалануға мүмкіндік береді.

Бастапқы білім беру капиталы (ББК): 5 жасқа толған балаларға мемлекет 60 АЕК (2025 жылы 235 920 теңге), ал әлеуметтік осал топтар үшін 120 АЕК (471 840 теңге) мөлшерінде біржолғы төлем жасайды.

Ата-аналарға күтпеген жағдайлар туындаған жағдайда (мүгедектік, қайтыс болу) сақтандыру компаниясы жарналарды жалғастырады, бала жинақталған қаражатты толық көлемде алады.

Үш жылдан астам мерзімге жасалған шарттар бойынша ата-аналар жылына 320 АЕК-ке дейін салықтық жеңілдіктер алады.

Жинақтар 23%-ға дейінгі жылдық кірістілікпен өседі (8% сақтандыру компаниясынан, 5-7% мемлекеттік сыйлықақы, 10% салықтық жеңілдік есебінен).

Жинақтар Ұлттық қордан бөлінетін қаражатпен біріктіріліп, бала 18 жасқа толғанда оқу ақысын төлеуге немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсалады.

«Келешек» жүйесіне қатысу үшін ата-аналар «Bilim-Life» білім беру жинақтаушы сақтандыру шартын жасасуы қажет. «Bilim-Life» кеңес беру нөмірі: +7 777 231 65 22. Сонымен қатар жергілікті әкімдік бөлімшелері, ХҚКО, немесе сақтандыру агенттері де қосымша ақпарат беруге дайын.

«Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі – балаңыздың болашағына жасалған сенімді инвестиция. Осы жүйе арқылы әрбір ата-ана баласының жоғары білім алуына қажетті қаржыны алдын ала жинақтап, оның жарқын болашағына жол аша алады.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

«QH»