Кәсіпті қолдау аясы артып келеді
Бизнесті қолдау – қомақты. Аймағымызда іскерлігін дөңгелетіп отырған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны артып келеді. Әкімдікте өткен жиында, мемлекеттік қолдау – кәсіпкерлік белсенділігінің артуына ықпал ететіні айтылды. Кәсіпкерлікті қолдаудың қолданыстағы тетіктері қандай?
Шағын және орта бизнесті дамыту – Қазақстан экономикасының маңызды аспектісі. Бұл экономиканы әртараптандыруға, макроэкономикалық тұрақтылықты сақтауға, халықты жұмыспен қамтуға, сондай-ақ тауарлар мен қызметтер өндіруді арттыруға ықпал етеді. Соңғы жылдары облыс көлемінде кәсіпкерлік белсенділік айтарлықтай артты. Нәтижесінде шағын және орта бизнесті дамыту бойынша айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді: жаңа жұмыс орындары құрылып, жергілікті бюджеттің кірісі ұлғайды.
– Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,4%-ға өсіп, 101,8 мың бірліктен асты. Шағын және орта бизнес саласында 231 700 адам жұмыспен қамтылған. Бұл облыс бойынша жалпы жұмыспен қамтылғандардың 43 пайызына тең келеді. Сонымен қатар, шағын және орта бизнес арқылы жарты жылда өндірілген өнім көлемі 1,2 триллион теңгеден асты, – деп есеп берді Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Ирина Любарская.
Шағын және орта бизнес субъектілерінің бюджетке түсірген салық төлемдері 279 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 16%-ға өсті. «Бірыңғай кешенді бағдарлама» аясында биылғы жылдың 9 айында 847 жаңа бизнес-жоба қаржыландырылып, бұл өткен жылмен салыстырғанда 10% артық көрсеткішті көрсетті. Мемлекеттік қолдауға ие болған жобалардың басым көпшілігі өңдеу өнеркәсібіне қатысты болып отыр. Әлеуметтік маңызы бар жобалар да қолдауға ие болып, іске асуда. Мысалы, Теміртауда мемлекет қолдауымен жаңа жекеменшік емхана ашылса, Қарағандыда бизнес мектебі құрылды.
– Қаржылық қолдаудың келесі түрі – «Бір ауыл – бір өнім» жобасының жеңімпаздарына көмек көрсету. Әлеуметтік кәсіпкерлер 5 миллион теңгеге дейін тегін грант ала алады. Биыл арнайы комиссия денсаулық сақтау, білім беру және өңдеу салалары бойынша 12 жобаны мақұлдады, – дейді басқарма басшысы.
Мемлекеттік қолдау алған бизнес субъектілері өздеріне бірқатар міндеттеме алады. Олардың орындалуын «Даму» қоры бақылауда ұстайды. Аппараттық кеңес барысында аудан әкімдері өз аймақтарындағы кәсіпкерлікті дамыту және бизнестің әлеуетін көтеру бойынша ақпарат берді.
Бұл шаралар мен қолдау бағдарламалары шағын және орта бизнеске арналған мүмкіндіктерді арттырып, өңірлердегі кәсіпкерліктің өркендеуіне ықпал етуде. Шағын және орта бизнестің тұрақты дамуы аймақтық экономиканы нығайтып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»