Кәсіпорын өкілдері студенттермен жүздесті

Қарағанды облысында жыл сайын өндіріс әлеуеті артып келе жатыр. Жаңа кәсіпорындар ашылып, бос жұмыс орындары пайда болды. Әйтсе де кей жағдайда қолына дипломын енді алған жас мамандар бұл туралы білмей қалуы мүмкін. Содан жұмыс таппай сарсаңға түседі. Осының алдын алу мақсатында қаламыздағы Оқушылар сарайында кездесу өтті.

Жиынға өңірдегі колледждер мен университеттердің 2 және 3-курсында оқып жатқан төрт жүзге жуық студент қатысты. Олармен жүздесуге «KamaTyres» ЖШС, «QazTehna» ЖШС, Тұрмыстық техника зауыты және Халықты жұмыспен қамту орталығы өкілдері келді. Жұмыс беруші кәсіпорын өкілдері жастарға өздерінде бар бос орындар, қай мамандық иелеріне сұраныс жоғары екені туралы ақпарат ұсынды. Сонымен қатар жалақы көлемі мен жұмыс талабы туралы да толыққанды мәлімет берілді.

Кездесудің мақсаты – жастарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу, сондай-ақ 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жұмысқа орналастыру үшін іске асырылып жатқан жастар бағыттарын, оның ішінде 16 жастан асқан оқушылар мен студенттерді демалыс уақытында жұмысқа орналастыру мүмкіндіктері туралы түсіндіру.

Кездесу барысында жұмыс берушілер студенттердің көптеген сұрағына жауап берді, өздерінің қызметтері, кәсіпорындарда практикадан, тағылымдамадан өту, одан әрі жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы айтып берді.

Келесі күні студенттердің Саран қаласындағы кәсіпорындарға экскурсиясы жоспарланған. Кәсіпорындармен ынтымақтастық одан әрі жалғасатын болады.

Арман ӘБІЛҚАСЫМ,

«QH»