Көшедегі қоқыс жәшіктері

Қарағанды қаласындағы бас даңғылды абаттандыру жұмыстары жалғасуда, сонымен бірге қаланың барлық элементі ретке келтірілуде. Қала әкімі Мейрам Кожухов жұмыстардың қалай жүріп жатқанын тексеріп, қала кеңістігін жақсарту жөнінде бірқатар ұсыныс айтты.

Қала басшысы жаңа жәшіктердің шын мәнінде орындарына жеткізілгенін тексеріп қана қоймай, олардың сыртқы келбетіне де баға беріп, ұсыныстарын жеткізді.

– Қазір жаз маусымы басталды. Дәл осындай қоқыс жәшіктері жетпейді. Сұранысқа қарай қажетті қоқыс жәшіктерін көптеп орнатыңыздар. Барлық жерде қоқыс жәшіктері орнатылуы керек. Барлығы бір үлгіде болсын. Міне, мына қоқыс жәшігі әдемі, ел көңілінен шығады. Оңай көтеріліп алынады. Аялдаманың екі жағына ғана қойылыпты, аз деп ойламайсыздар ма? – деп атап өтті Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Кожухов.

Қазыбек би ауданында 2 мың, Майқұдықта 500 жәшік орнатылып, одан кейін аталмыш ауданның Әлихан Бөкейхан атындағы секторы үшін сатылып алынатынын хабарлады қала басшысы. Сондай-ақ Мейрам Кожухов қоқыс контейнерлерін көбейтуді тапсырды. Әкім тұрғындардың қоқыс пен темекі тұқылдарын көзге көрініп тұрған қоқыс жәшіктеріне емес, жерге тастай салатынын айтып сынады.

– Аулаларда жастар кешкілік орындықтарда отырады, шемішке шағады және дереу қабығын түкіріп, сусындарын ішеді де, босаған бөтелкені ойын алаңына қалдырып кетеді. Бізде мәдениет жоқ, оны өзіміз қолға алмасақ болмайды. Әр қала тұрғыны мұндай нәрселерге нөлдік төзіммен қарауы керек. Бұзықтарды түзеу керек, – дейді Мейрам Кожухов.

Сондай-ақ әкім мырза орындықтардың былтырғы жөндеуден кейін жоғалып кеткеніне және ешқашан пайда болмағанына назар аударды.

– Менің Кеншілер мәдениет сарайының айналасында демалып отырғым келеді. Қайда отыруым керек? Бұрын бұл жерлерде орындықтар болатын. Кейін жол жөнделіп, орындықтар жоғалып кетті. Осы айдың соңына дейін оң қапталға он, сол қапталға он орындық қойыңыздар, – деп тапсырды қала басшысы.

Сондай-ақ брусчатка төсеу кезінде ағаш отырғызатын орын қалдырылмағаны, ең ескі субұрқақтың абаттандырудан зардап шеккені, яғни коммуникациясы үзілгені жайлы ескертпе жасаған Мейрам Кожухов олқылықтарды тез арада оңдауды тапсырды.

Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ,«QH»