КҮШ-ҚУАТ ПЕН СЕНІМ ҚАЙНАРЫ

Қай елдің болмасын басты капиталы оның халқы, әсіресе жастары болып табылады. Жастар қоғамның басты күші ретінде еліміздің дамуы үшін жауапты екені мәлім. Еліміздің тарихы мен мәдениетінің тағдыры, дамуы мен модернизациялануы, жалпы бүгіні мен ертеңі де жастарға байланысты.

 

Халықаралық Жастар күні әр жылдың 12 тамызында тойланады. Арнаулы күннің басты мақсаты — жастардың әлемді дамыту мен құрудағы рөлін айқындап, олардың жолында тұрған күнделікті проблемалар туралы еске салу.

Мерекені 1998 жылы 8-12 тамыз аралығында Лиссабонда өткен жастар министрлерінің Дүниежүзілік конференциясының ұсынысы бойынша 1999 жылы 17 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы бекітті. Алғаш рет Халықаралық Жастар күні 2000 жылдың 12 тамызында атап өтілді.

Жастар — қай заманда, қай елде болмасын асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы болған. Еліміздегі жас буын өкілдері мемлекетіміздің жаңа келбетін қалыптастырады. Олардың жаңа белестерге деген ұмтылысы жаңа идеялардың туындауына себепші болады.

«Кез келген ел өз келешегін болашақ ұрпағымен байланыстырады. Тәуелсіз еліміз іргесінің берік болуы білімді мамандардың, отаншыл, ұлтжанды, рухани дүниесі кең азаматтардың қолында», – деп Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев жастарға зор сенім артқан еді.

Мереке қарсаңында Қарағанды қаласында түрлі салада үздік деп танылып, қоғам өміріне белсене араласып жүрген бірнеше жасқа тоқталып өтуді жөн көрдік.

«Мәдениет — ұлттың бетбейнесі, рухани болмысы, ақылойы, парасаты» деп дана халқымыз текке айтпаса керек. Қарап отырсақ, жер бетіндегі өркениетті елдер ең алдымен тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанып, тек өздерінің төл мәдениеті арқылы ғана басқаға танылып жатады. Сондықтан, ең әуелі мәдениет саласының өркендеуіне үлес қосып жүрген С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының актеры Жұмамұратов Ахайдан бастайық.

Жұмамұратов Ахай 1993 жылы сәуір айында дүниеге келген. Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжіне драма актеры мамандығына түсіп, 2014 жылы тәмәмдаған. 2014 жылдың қазан айынан бастап С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрына актер болып қабылданып, кәсіби жолын бастады. 2016-2020 жылдары Қырғызстанның Бішкек қаласындағы Бүбүсара Бейшеналиева атындағы мәдениет және өнер университетінде драма актеры және педагог мамандығы бойынша білім алып шыққан. Театр репертуарында “Көмекей әулие” спектаклінде “Абылай хан”, “Мұқағали мен Фариза” спектаклінде “Мұқағали”, “Еңлік Кебек” спектаклінде “Кебек”, “Қозы көрпеш Баян сұлу” спектаклінде “Қодар” және тағы да басқа көптеген рөлдерді сомдап, халық қалаулысына айналып үлгерген. Сонымен қатар, «Хабар» арнасы түсірген “Тайны, судьбы, имена” деректі фильмінде “Бейімбет Майлин” рөлін, «Абай тв» арнасы түсірген “Дәуір даналары” деректі фильмінде “Бауыржан Момышұлын”, «Сарыарқа» арнасы түсірген “Көмекей әулие” деректікөркем фильмінде “Жас Бұқар” рөлдерін сомдап шыққан талантты өнерпаз.

— “Өнердің биігіне шығып өнердегі өзіңді емес, өзіңдегі өнерді сүй” деген сөз бар. Сондықтан, менің басты мақсатым — өнерде өзімді көрсетем деп емес, өнерге қызмет ету.

Қазіргі таңда өнер саласындағы жастарға қолдау қарқынды дамып келе жатыр. Мемлекет тарапынан мәдениет пен сала қызметкерлерінің дамуы үшін бар жағдай жасалып келеді. Оған мысал ретінде қаламызда мәдениет саласы қызметкерлерін баспанамен қамтып, көмек көрсетілуде. Сонымен қатар, түрлі елдерде өтетін көптеген өнер додаларына мемлекеттің қолдауымен, қаржыландыруымен барамыз. Бұл – біз үшін үлкен мүмкіндік,- дейді Ахай Жұмамұратов.

Келесі кейіпкеріміз — 2014 жылдан бастап джиу-джитсу және грэпплинг спорт түрлерімен айналысады. Көптеген халықаралық және республикалық турнирлердің жеңімпазы.

2019 жылы Мәскеуде өткен бразилиялық джиу-джитсудан әлем чемпионатын ұтып алған.

— Мен ең алдымен осы спорттағы жетістіктеріме себепші бапкерлеріме Сейдуали Нұржан мен Құтжанов Маратқа зор алғысымды білдіргім келеді. Қазіргі таңда мен де ұстаз-жаттықтырушыларымның жолын жалғап, еліміздің болашағы — жас балаларды да жаттықтырумен айналысамын. Клубымыз “MARIO BROS BJJ” деп аталады.

Ата-аналарға балаларын спортқа баулып, салауатты өмір салтын ұстануға тәрбиелеуді кеңес етер едім, — дейді қарағандылық спортшы Айбар Оразалы.

Өңіріміздегі белсенді жастардың бірі — Мейрманов Жандос. 2001 жылы 8 мамыр күні Қарағандыда дәрігерлер әулетінде дүниеге келді. 2018 жылы орта мектепті бітіріп, Туркия Республикасы, Анкара Университетіне оқуға түскен.

2015 жылдан бері қаламыздың саяси және әлеуметтік өміріне белсенді араласады.

2016 жылы Қарағанды қаласы Жастар Маслихаты 1 шақырылым депутаты, кейін хатшысы болып сайланған. Сол уақыттан бастап “Ардағым — ардагерім”, “Экспо 2017” сияқты волонтерлік бағдарламаларға қатысып үлгерген.

— Өткен 2020 жыл — Еріктілер жылы мен және командам үшін өте табысты болды. Пандемия кезінде мұқтаж жандарға көмек көрсетіп қана қоймай, “Күй тарихы — Ел тарихы”, “Жастар және СӨС”, “Жастардың кәсіби бағдары” сияқты әлеуметтік-волонтерлік жобаларды іске асырдық. Нәтижесінде мен Қарағанды қаласы әкімінің “Нұрқадам — 2020” сыйлығының “Жылдың жас волонтері” номинациясының иегері атандым.

Қазіргі таңда командамызбен Қарағанды мектептерінде буллинг проблемасының алдын алуға, облысымызда пікір-сайыс қозғалысын дамытуға бағытталған жобаларды жүзеге асырудамыз, — дейді Жандос.

Мейрманов Жандостың айтуынша, табысты әрі қоғамға пайдасы тиетін әлеуметтік жобаларды іске асыру арқылы жастардың белсендігін арттыруға зор мүмкіндік туады.

— Біздің елімізде жастардың өзін-өзі көрсетіп, дамытуы үшін, өз идеяларын жүзеге асыру үшін жеткілікті дәрежеде мүмкіндіктер бар. Мысалы, Қарағанды қаласы әкімінің “Нұрқадам”, Қарағанды облысы әкімінің “Қайнар” жастар сыйлықтары өңір жастарына үлкен мотивация әрі қолдау деп ойлаймын, — дейді.

Қаламызда жастар саясатының дамуына үлес қосып жүрген тағы бір жас азамат — Смаилов Ильяс Ельнарович. Ол — «Жас Орда» студенттік өзін-өзі басқару және студенттердің кәсіподақ ұйымының төрағасы. Қарағанды қаласы әкімі жанындағы Жастар ісі жөніндегі кеңестің, Қарағанды облысының Кәсіподақ орталығы жанындағы «Келешек» жастар кеңесінің, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жаңғыру Жолы» республикалық жастар қозғалысының, «Saryarqa Jastary» еріктілер штабының белсенді мүшесі. 2017 жылдан бастап қоғамдық, оқу және ғылыми-зерттеу қызметіндегі елеулі жетістіктері үшін ректор стипендиясының иегері. «Қазақстанның алтын жастары» республикалық жастар сыйлығының 2020 жылғы лауреаты.

— 2018 жылдан волонтерлік қызметпен белсенді айналыса бастадым. Менің басшылығыммен «Жас Орда» МА картасы жұмыс істейді, оның құрамына «Aqniet» жастар қайырымдылық ұйымы кіреді. Ұйым 13 жыл көлемінде ауыр сырқаты бар балаларға арналған қайырымдылық концерттерін ұйымдастырады. Сонымен қатар, біз жыл сайын жалпы жалпы сомасы 1 500 000 теңге болатын 5 балаға көмектесеміз, — дейді Ильяс Елнарұлы.

Бүгінгі таңда мемлекет елімізде Волонтерлік қызметті дамытуға үлкен көңіл бөледі. 2020 жыл Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен «Еріктілер жылы» болып белгіленді. Барлық облыстарда жастар ресурстық орталықтары жанынан волонтерлік штабтар ашылды, сондай-ақ волонтерліктің 7 негізгі бағыты ұсынылып, қабылданды. Волонтерлер қазір де тынымсыз жұмыстарын жалғастыруда.

— Мемлекет ісін жаңа бастағандар үшін де, тәжірибелі еріктілер үшін де жан-жақты қолдау көрсетеді. Колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері үшін «Әлеуметтік студенттік несие» әлеуметтік жобасы қарастырылған. Ол бойынша студенттер волонтерлік қызмет кезінде жол жүруге, тамақтануға, киім-кешекке жұмсалған ақшалай қаражаттың өтемақысын жылына 70 000 теңгеге дейінгі мөлшерде ала алады.

Жыл сайын Қарағанды облысының және Қарағанды қаласының әкімдігі волонтерлікті жаңа деңгейде дамытуға мүмкіндік беретін әлеуметтік жобаларды дамытуға шағын гранттар бөледі.

Волонтерлікті қолдау жөніндегі осы шаралар біздің еліміздегі еріктілердің рөлін нақтылауға, сондай-ақ назардан тыс қалдырмауға мүмкіндік береді деп санаймын,- дейді Смаилов Ильяс.

Тек бізде ғана емес, әлем жұртшылығы да жастардың алып күш иесі екендігін мойындап, олармен санасады. Сондықтан жылдың айтулы бір күнін арнайы жастар мерекесі етіп, күнтізбеде белгілеген. Яғни, 12 тамыз — Халықаралық жастар күні ретінде аталып өтіледі.

Қоғамымыздың тұрақтылығын сақтау, Қазақстан халқының бірлігін нығайту, ұлттық келісімді насихаттау – Қазақстан жастарының міндеті. Сондықтан еліміздің əрбір азаматы тұғырлы тәуелсіздікті ардақтап, жаңа белестерге көтеруге талпынуы тиіс.

Аружан АЛПЫСБАЙ, QH