КӘРІЗ ЖҮЙЕСІНІҢ ӘЛЕГІ

 

Қарағандыда 80 пайыз кәріз жүйесінің тозығы жеткен. Бұл туралы қалалық мәслихат депутаттары көшпелі комиссия отырысында айтты. ТКШ бөлімі басшысының орынбасары Жанболат Тоқмырзиннің айтуынша, №19 коллекторды қайта жаңарту бағытында Кирзавод және Волочаев көшелерінде суағарларды жаңарту жұмыстары қолға алынды. Бүгінгі күні коллектор техникалық тексеруден өткізілді және топографиялық түсірілімдер жасалды.

– Коллекторларға қатысты техникалық тексеру сияқты жұмыстар жүргізілуде. Олар қазірдің өзінде өткізілді. Өңделетін және есеп шығарылатын көлемді бейнеақпарат бар. Осы есепке қарай жобалық шешім қабылданатын болады, – дейді Қарағанды қалалық ТКШ бөлімінің басшысы Жанболат Тоқмырзин.

Сондай-ақ депутаттарға Совхозный көшесіндегі кәріз коллекторын қайта жаңарту жайлы айтылды. Жалпы ұзындығы 3 шақырым, құбырлары 100% тозған. Мамандар жобалық жұмыстар биыл мамыр айында аяқталатынын атап өтті. Осыдан кейін жоба мемлекеттік сараптамаға бағытталмақ.

– Бүгінгі таңда Совхозный көшесіндегі жобаның жұмыс сызбалары бар. Біз «Қарағанды Су» өкілдерімен тікелей байланысамыз. Жұмыс толықтай қадағаланатын болады, – деді Қарағанды қалалық ТКШ бөлімінің басшысы Жанболат Тоқмырзин.

Депутаттардың айтуынша, коллекторларды жаңарту жұмыстары баяу жүргізілуде. Тозған кәріз желісі шұғыл түрде шешілуі керек. Халықтың бұл мәселені айтып жүргені бүгін ғана емес. Түйткілдің түйіні баяғыда шешілуі керек болған.

– Әкімдіктің жауапты маманы ретінде қала желілері үшін жауапкершілікті сезініңіз. Бюджетті жіктеу мәселелері бар екенін түсінемін. Біз алаңдаушылық білдірудеміз, бұл жайлы айтып та келеміз. Әкім сол жерде төрағалық етсін, бізді шақырыңыз, осы мәселені соңына дейін шешіп, мәслихатқа жауап беріңіз, – деп талап етті Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты Александр Бочаров.

Жақында Қарағанды автотұрақтарында, өнеркәсіп алаңдарында және қала көшелерінде жауын-шашыннан қорғануға арналған қар еріту қондырғысы бұзыла бастады. Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты Бақтияр Омархановтың айтуынша, барлық еріген қарды кәріз желілеріне төгеді. Ал құм-тұз қоспасы желі жүйесіне зиян тигізуі мүмкін. Қазір білінбегенімен, азабын келер жылдары тартамыз. Кәріз коллекторларын жаңарту мәселесін шешу үшін депутаттар апта сайын отырыс өткізеді және мәселені қалалық мәслихат сессиясында көтереді.

Нұрәсем АХАН,«QH»