Күрең бие

(Этнографиялық әңгіме)

Мен туып-өскен Айғыржал ауылы Сарыарқа аймағындағы Тағылы тау жотасының бір бүйірінде орналасқан. Кеңес үкіметінің қызған кезінде Ленин колхозының орталығы болып, дүркіреп даңқы да шыққан. Бүгінде аз ғана үй қалды. Тұрғындардың көбісі тіршілік қамымен жан-жаққа қоныс аударды. Біздің үй де сонда болатын. Қазір ескі жұрты ғана жатыр. Ата-бабалар, әкей мен шешей, ағайын-туыстар – бәрі де сол ауылда мәңгілікке тыныстап жатыр…

Біз тұрған үй ауылдың бір шетінде еді. Жол түсіп, туған жерге, ауылыма барғанымда әуелі ата-бабалардың, әке-шешемнің басына дұға бағыштаймын. Сосын міндетті түрде ескі жұртқа соғамын. Бала күнгі естеліктерді еске түсіру үшін. Сондай естеліктің бірін тілге тиек етейін.

…1969 жыл болса керек. Менің бес жастан асып, алтыға қараған кезім. Сол кезде үйде жылқы малынан қарагер бие болатын. Жалғыз бие болса да, сүтті, қымызы мол болушы еді жануардың. Осы жылдың көктемінде әлгі бие құлындады. Әп-әдемі ұрғашы құлын тапты. Жаңа туған сүйкімді төлді әкей: «Күрең құлын болады», – деді. Жылқы түсін әлі айыра алмайтын балаң шағым, «күрең» деген сөз құлағымда қалыпты. Кіп-кішкене сүйкімді құлынды бәріміз жақсы көрдік. Құлын ширағанша бір жұмадай бие қорада байланды. Күндіз қораның сыртында далада тұратын. Көктемгі күншуақ. Көгеріп келе жатқан маңайды тамашалап, күннің мейір-шуағына тамсанып есік алдында орындықта отыратынбыз… Сәуір айы бітіп, мамыр басталған шақ. Сол кездегі ауыл көрінісін, табиғатын, адамдардың ниет-пиғылының кереметтігін айтып жеткізе алмайсың. Қандай ғажап еді! Беймарал, бейбіт тірлік. Маңайдың бәрі малдың төліне толған. Құлын, бұзау, қозы-лақ, балапандар. Әр үйді айнала ұшқан, ұя салған қарлығаштар көп болатын…

Иә, әлгі күрең құлын бір аптадай үй мен қораны айнала шапқылап бізбен бірге ойнап жүрді… Сонан жабағы, тай, байтал болып өсе берді.

1972 жылы үш жасында алғаш рет құлындады. Қулық болған соң, сүті ептеп аздау болды. Келесі жылы екінші құлындағанда, сүті көбейе бастады. Кейін бір өзі бір үйдің қымызы болып тұрды.

Енді бұл жануардың ерекшелігі, естілігі жөнінде біраз есімде қалған жайларды айтып өтейін.

Күрең бие есті де текті жануар еді. Артық кетсем, бір Алла Өзі кешірсін! Сол биенің киелілігі, қасиеті сонша, қазіргі кейбір «адаммын» деп жүрген пенделерден әлдеқайда артық болатын. Оған көзім көрген, есімде қалған мына жайлар да – дәлел. Жарықтық, бір үйдің құт-берекесі, малдың басы, киесі болған сол бие 1969 жылдан 1989 жылға дейін 20 жыл тірлік кешіпті. Үш жасынан бастап 18 құлын тапты. Соның тек біреуін ғана қасқыр жеп, екінші бір құлынының туғанда мойнына жара шығып, жылқыға ере алмай қалып, ауырып өлді. Қалған он алтысы игілікке жарады. Ерекше қасиеті – жуас еді, кішкентай балалардың өзі астынан өте беретін. Жылда көктемде (міндетті түрде) өзі үйге келіп құлындайтын. Сүті тым мол болмаса да, берекелі болғандықтан бір әулетке жететін еді. Қымызы құнарлы, өте дәмді болды. Малдың басы, үйдің құты мен ырысы екендігін айтып өттік. Бір ғажабы – жылқыдан үйге өзі келіп тұратын. Өзінің құлындарын ерткені өз алдына, бұған қоса басқа да үйдегі жылқылардың тай-жабағыларын соңына қоса ертетін. Көктемде үйірге қосарда өзге жылқы малын еш жатырқамайтын. Тағы бір ерекшелігі – алғашқы қулық кезіндегі құлыны еркек торы құлын болды. Оны «торы тай» деп атап кеттік. Осыдан бастап күрең биеміз ешқашан қысыр қалып көрген жоқ. Әр жыл сайын бір еркек, келесінде бір ұрғашы құлынды кезектесіп туатын. Ылғи да жас төл үшін қолайлы кезең – сәуір мен мамыр айларында құлындайтын. Бұл биені көбінесе біз «Домалақ бие» деп атаушы едік. Сырт пішіні домалақтау келген жылқы еді. Аса ірі емес, орташалау болатын. «Домалақ» деген сөзде де үлкен мағына, ғажайып қасиет тұнып жатқандай. Жарықтықтың мінезі сондай жуас та жайлы еді. Тіпті мінгі де білетін. Бірақ біз оған еш уақытта ер салып та, жайдақ та мінген емеспіз. Ол бізге бейне әр жыл сайын бір баласын өмірге әкеліп, соны ертіп, ержеткізетін аяулы ана сияқты елестейтін. Менің ойымша, ерекше жануар, басқа жылқылардан жаратылысы мүлде бөлек болды. Кейде кеш ағытқан кездер болатын, сонда ауыл жылқылары ұзап кетсе де, адаспай бірден өз үйірін тауып алатын еді. Егер адам секілді шежіреге салсақ, 1969 жылы көктемде туып, 1989 жылы күз айында қолды болды…

…1989 жылы күз айында, яғни күрең бие 20 жастан асқан шағында қарақшы-ұрылардың қолынан мерт болды. Әкей: «Бұл бие қартайды. Биыл қыста соғымға сою керек», – деп жүргенде, қайран жануар сөйтіп ұрыларға тап болды. Заң адамдарының зерттеу құжаттары мен қылмыскерлердің ауызекі әңгімелеріне қарап, оқиға былай болған тәрізді деп топшылаймыз. Ұрылар Тағылы тауының етегінде жатқан ауыл жылқыларын күндіз дүрбімен алыстан бақылап отырады. Үш-төрт адам болса керек. Таудың бір шатқалында біраз дүрбімен бақылаған олар түс ауа жылқышының ауылға кеткенін көріп, жылқыларға жақындай түседі. Қар алғаш жауған қараша айы. Сонан жылқышы қайта келіп қалар деп асыққан ұрылар жылқыларды дүрліктірмей, шет жағындағы үш биені атдорбаларындағы жеммен шақырады. Қашан да үйден жем жеп үйренген біздің күрең бие бірінші болып әлгі ұрылардың қасына келеді. Олар әп-сәтте үш биені ноқталап, суыт жүріп кетеді. Бейбіт жайылып жатқан жылқылар сол күйінде үрікпей, елеңдемей қала береді. Ауылдан тамағын ішіп, біраз бөгеліп, кешке қарай жылқышы қайта оралады. Жасынан жылқы малының қыр-сырын жетік білетін жылқышы жігіт жылқы ішінде бір өзгеріс болғанын бірден сезеді. Шашыраңқырап жатқан жылқыларды бір жерге топтастырып, үйір-үйірлерді түгендей бастайды. Сол сәтте үш биенің жоқ екеніне көзі жетеді. Жалма-жан маңайдан із кесіп, суыт жүрістің солтүстікке қарай жылыстағанын аңғарады. Із бағытын анықтап, көп бөгелмей ауылға қайтады. Таң ата жоғалған жылқылардың иелерін алып, машинамен ізді қуалап, әрине, жобалап көрші кеңшарға келеді. Сәтін салғанда, өткен түнде жел тұрмай, қар жаумай ашық болған. Жолай із сорабында түсіп қалған бір үзеңгінің темірін тауып алады. Сөйтіп, із қуалап, 20 шақырымдай қашықтықта орналасқан көрші кеңшарға келеді. Ауыл шетіндегі бір үйдің қорасының қасында байлаулы тұрған ерттеулі атты көздері шалады. Келіп бақыласа, ертоқымның бір үзеңгісінің темірінің орнына қайыстан асығыс жасалыпты. Сол жерде бірден үйге кіріп, олар ұрыны үйінен ұстайды. Үзеңгіні көрсетіп, іздің осылай қарай алып келгенін дәл көріп тұрғандай дәлелді түрде жеткізеді. Ұры еріксіз қылмысын мойындайды. Басы ашылған соң, әрі қарай індеткен кезде ұрланған жылқылар тау ішіндегі бір үңгірден табылады. Бір биені тірі қалдырып, екеуін сойып тастаған екен. Сойылғанның бірі – біздің күрең бие. Жан-жақтан қысқан кезде ұрылар сасқалақтап, тірі биені иесіне қайтарып, қалған екі биенің сойылған еттерін қайтармақшы болады. Бірақ еттері түгел болмаған соң, иелері олардан бас тартады. Ұрыларды сот орны біраз тергеп, істің анық-қанығын анықтап, соттамақшы болады. Тек сойылған екі жылқының иелері олардан малдарының құнын ақшалай қайтаруды талап етеді. Сол кездегі ақшаның құнды кезіндегі 1200 сомнан 2400 сом екі биенің иесіне беріледі. Сонан оларға сәл жеңілдіктер жасалып, сот өз үкімін шығарады…

Айтпақшы, біраз уақытқа созылған сот істері болып жатқан кезде, әлгі жылқыларды ұрлағандардың ішіндегі екі биені бауыздаушы ұры машина апатына түсіп, екі аяғы мен жамбасын сындырады. Сонда ауруханада жатқанында: «Мені сол биелердің киесі ұрды. Әсіресе анау күрең… Жарықтық жануар пышақты тамағына тақағанымда көздерінен жас моншақтап, бір түрлі дыбыс шығарып еді… Сол аянышты дыбыс құлағымда күңгірлеп, көз жасы көз алдымда тұрғандай. Сірә, енді өмір бойы осы көрініс мені мазалап жүретін шығар…» – деп қасындағы жатқан науқастарға мұңын шағып жылаған екен. Тәні де, жаны да қиналған байғұс ауруханада ұзақ жатыпты деп естідік.

…Иә, ол жануар осындай киелі еді. Қасиетті, текті, есті болатын. Қасиеттілігіне қарапайым бір-екі мысал: жануар түнімен жайылып келсе де, таңертең міндетті түрде үйдегі құдықтан келіп су ішетін. Бұл әдетке айналып еді. Көбінесе біз құдық жанындағы науаны суға толтырып қоятынбыз. Сонда су толы науадан егер оның алдында сиыр не қой малы ұрттап қойса, ол суды ішпейтін. Ондайда науадағы толып тұрған суға қарамай, құдықтың басына төніп тұратын. Оның ондай мінезін білетін мен ылғи қауғамен құдықтан қайта су тартып, шелекпен ұсынатынмын. Ал шелектен мейірі қанғанша ішкен ол маған алғысын жаудырғандай жылы ұшырай қарайтын. Бірде оның осы әдетін сынау үшін суды қауғамен алып болған соң әуелі өзім ішіп, сосын биеге ұсындым. Ол еш кідірместен суды іше берді… Ал ол бие ішкен суды біз де ішуге пайдалана беруші едік. Өйткені ол өте таза жануар еді. Суды көбінесе қауғамен ішуді қалайтын. Және бір қызығы – күрең биені үнемі шешей сауатын. Бірде ол кісі ауырып қалып, емделуге қалаға кеткенінде, көрші апайға сауғызбақшы болдық. Көрші апамыз үлкен кісі еді. Шелегін алып енді сауа бастағанда, биеден еш сүт шықпады. Жылқыға қатысты айтқанда, «иімей» қойды. Көпті көрген тәжірибелі көрші апайымыз сол жерде шешейдің күнде үйде киіп жүретін халатын алғызып, соны киіп сауғанда, бірден иіп, сүт бергені де бар еді. Бұл да бір ерекшелігі болатын.

Қыс мезгілінде күндіз жылқылармен ауыл шетінде тебіндеп, кешке тай-жабағыларын түгел ертіп, үйге өздері келетін. Сосын таңертең өзі бастап өріске кететін. Құлындары да ерекше болатын. Жылда сауылғанда, сағат сайын оны сауғызу үшін құлынын ұстап тұру біз үшін өте қызық болатын. Сүп-сүйкімді құлынды жалынан, кекілінен сипағанда ол да сені ернімен сипалап, тістелейтін. Күнде таңертең жем беру де – өз алдына бір дүние. Арпа немесе сұлыны күрт-күрт шайнағаны, көбісін жей алмай жерге түсіретіні біз үшін қызық еді. Әсіресе көктемде биені алғаш байлағанда құлын ұстау ауыл балаларының арманы еді. Асау құлынды айнала қуып әрең ұстайтынбыз. Жалын, кекілін күнде сипап жуасытатынбыз.

Күрең биенің тағы бір қасиеті – жоғалған төлдері көп ұзамай табылатын еді. Бірнеше құлыны өсе келе жоғалып, қайта табылып жүрді. Жоғалғаны ылғи да табылып, бұйыратын. Тіпті бір жолы бір тайы бір жылдан аса жоғалып, бәріміз күдерімізді үзіп қойғанда, кенеттен көрші ауылдағы бір үйдің қорасынан тірідей табылып қатты қуантып еді. Тағы бір байталы өте семіз күйінде біздің ауылдан жүздеген шақырымдай алыстағы ауылдан үш күннен кейін табылған.

…Сол биенің көзі кеткенде, балалардың бәрі көңілдері босап жылады. Әкейдің: «Дәм-тұзымның таусылайын дегені ме?..» – деп мұңайғаны да көз алдымда қалыпты. Арада бір жыл өткенде әкей де қайтыс болды… Сонан кейін күрең биенің артында қалған жалғыз жабағыдан тұқым онша өрбімеді. Бірте-бірте құрып бітті. Өкінішке қарай, қазір онан еш тұқым жоқ. Тек қана киелі жануардың есте қалған жақсы қасиеттерін, текті болмысын бұл күнде өзара әңгімелесіп, сағынышпен еске алып отырамыз «…Бір кездері біздің үйде осындай киелі hәм қасиетті күрең бие болған еді» десіп.

Негізінен, жылқы – керемет киелі, қасиеттері мол, текті түлік қой! Осы ерекшеліктеріне қарап «күлік» деп те атайды. Жылқы – әр қазақтың бағы мен берекесі, ырыс пен құты, дәулеті мен несібесі екен ғой! Бүгінде өмірде жолымыздың болмай жүргені осы жылқысыз, басқа малға қарап қалғанымыздан болар деп те ойлаймын…

Әлімжан ҚҰТЖАНҰЛЫ,

Қарағанды қаласы