КӨППӘТЕРЛІ ҮЙЛЕРДІ БАСҚАРУ ҚҰҚЫҒЫ ӨЗГЕРДІ

Мемлекет басшысы 2019 жылғы 26 желтоқсанда қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы күшіне енді

— Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын реттейтін бұл заң қазіргі таңда кезігіп отырған саладағы бірқатар мәселелерді шешеді. Оның ішінде көппәтерлі тұрғын үйлерді кондоминимум нысаны ретінде тіркеуді реттейді және оңтайландырады, пәтерлер және тұрғын емес үйжайлар иелерінің үйді басқарудағы құқықтарын қамтамасыз етеді, көппәтерлі үйлерді басқарушылар мен басқарушы компаниялар қызметтерін реттейді, ортақ мүлікке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізудің жаңа тетіктерін енгізеді, пәтерлерді пайдалану, оларды тұрғын емес үй-жайларға ауыстыруда тұрғындардың келісімін алу сияқты мәселелерді реттейді, жеделсатыларды қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету үшін ұлттық стандарттар қолдануды, қызмет көрсетушілерді аттестаттаудан өткізуді және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласын цифрландыруды қарастырады,– дейді Қазыбек би ауданы әкімінің орынбасары Бейсен Қабдуалиұлы.

Айталық, бұған дейін ортақ мүліктің дұрыс пайдаланылмайтыны туралы азаматтар тарапынан көптеген арыз-шағым айтылып келді. Енді жаңа заң бойынша көппәтерді үйді кондоминимум нысаны ретінде тіркеу керек. Оның жалпы ауданы анықталып, мүлік иесінің әрқайсының жеке үлесі айқын көрсетіледі. Яғни, .

Пәтер иелерінің келісімінсіз жалпы мүлікті сатуға немесе жалға беруге заңмен тыйым салынады.

Кейбір құрылыс компанияларды үйді тіркемей тұрып, жертөле, ірге қабаттар сияқты ортақ мүлікті сатып жіберетін. Енді оған да тосқауыл қойылып, кондоминимумның нақты ауданы үйді жоспарлау барысында айқындалады.

Жаңа заң бойынша пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлардың иелері басқарудың екі формасының бірін таңдауға тиіс: заңды тұлға ретінде мүлік иелерінің бірлестігін (МИБ) құрады немесе барлығы бірлесіп басқаратын қарапайым серіктестік болады. Екі түрінде де «бір үй – бір бірлестік немесе қарапайым серіктестік – бір шот» қағидаты жұмыс істейді. Яғни, әр үйдің тұрғындары өз қаржыларын өздері басқарып, пайдалана алады.

Бір іргетаста орналасқан не үйге ортақ бірыңғай инженерлік жүйелері бар көппәтерлі тұрғын үйлердегі пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері әрбір көппәтерлі тұрғын үйдің пәтерлерінің, тұрғын емес үйжайлардың меншік иелерінің жалпы санының үштен екісінен астамының келісімі бойынша бір МИБ немесе ЖС құруға құқылы.

Пәтер иелері кооперативтері (ПИК) өз қызметін 2022 жылғы 1 шілдеге дейін жүзеге асыра алады.

Әр үйді басқарудың жаңа тәсілі әдеттегі және шексіз ант беретін ПИК-ті алмастырады. Қазір ПИК құрамына 10-20, тіпті одан да көп үйлер кіреді. Қазақстанда ПИК 2020 жылдың 1 шілдесіне дейін жұмыс істеді.

МИБ дегеніміз не?

МИБ — бұл меншік иелерінің «бір үй — бір бірлестік-бір шот» қағидаты бойынша бірігуі. МИБ — бұл пәтер мен ондағы тұрғын емес үй-жайлардың иелері құратын көппәтерлі тұрғын үйдегі басқару нысаны.

МИБ пен ПИК арасындағы айырмашылық неде?

МИБ — бұл «бір үй — бір бірлестік-бір шот» қағидаты бойынша құрылған меншік иелерінің бірлестігі.

МИБ жаңа ұйымының басты айырмашылығы – тұрғындардан жиналған қаржы айналымын реттеуінде. ПИК- нің көп үйге бір шот болса, ал МИБ-те әр үйдің өз шоты болады. Қаражат тек осы үйдің қажеттіліктеріне жұмсалады және оны меншік иелері бақылайды.

МИБ неліктен құрылуда?

Тұрғындар қаражатының ашық жұмсалуын қамтамасыз ету, сондай-ақ тұрғындарға басқару тәсілдерін таңдау құқығын беру. МИБ тек бір көппәтерлі тұрғын үй үшін жасалады. МИБ мүшелерінің саны пәтерлер санынан аспауы тиіс.

Бұл жаңа жүйеде басты адам кім?

Көпқабатты ғимараттың жоғарғы басқару органы үш жылға сайланатын және кемінде үш адамнан тұратын «Үй кеңесі» (ҮК) болады.

ҮК үйді басқару және ортақ мүлікті күтіп ұстау бойынша ай сайынғы және жыл сайынғы есептерді қарайды, пәтер иелерінің жалпы жиналыстарын ұйымдастырады, тиісті хаттамаларды рәсімдейді.

Көппәтерлі үйлердің иелері не істеуі керек?

Көппәтерлі үй тұрғындарының құрамынан үй кеңесі мен төраға сайланады және үйді МИБ ретінде тіркеу керек.

МИБ қалай басқарылады?

Сіздің МИБ төрағасы үйіңізге және оның инженерлік жүйелеріне қызмет көрсететін компаниялармен келісім жасасуы керек. Сондай-ақ, ол үйге арнап жинақ шоттарын ашады және коммуналдық қызметтерді жеткізушілермен шарттар жасасады.

МИБ салық төлей ме?

МИБ – коммерциялық емес ұйым. Тұрғындардың үйді ұстауға төлейтін жарналарына салық салынбайды.

Қазіргі ПИК не болады?

Кооперативтер жойылмайды. Алайда, көппәтерлі үйлерді басқару олардың құзыретінен шығарылады. Олар сервистік компания ретінде өз қызметтерін МИБ-ке ұсына алады.

Сондай-ақ, жаңа заң талаптары бойынша тұрғын емес үй-жайлар пәтерлерден оқшауландырылып, өздерінің бөлек есіктері болуы тиіс. Және бұл талап енді хостелдерге де таралады. Түнгі мезгілде тыныштық сақтау, айналадағы кісілердің мазасын алатын шу шығаратын жұмыстар жүргізбеу, темекіні арнаулы орындарда ғана тарту сияқты өзге де талаптар айқындалады.

Жеделсатыларды қауіпсіз пайдалану саласындағы мәселелерді шешу үшін бірқатар шаралар қарастырылған.

Жалпы алғанда, жаңа заң көппәтерлі үйлерді күтіпұстауды жақсартуға, мүлік иелері бірлестіктерінің қызметін жаңа деңгейге көтеруге, пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлар иелерін ортақ мүлікті басқаруға және туындайтын мәселелерді шешуге белсене атсалысуға ынталандыруға тиіс.

Аружан АЛПЫСБАЙ, «QH»