Көпір қауіпсіздігі жұртты алаңдатып отыр

Қарағандыда қаланың орталығы мен Оңтүстік-Шығыс бөлігін жалғайтын негізгі жол өткелдерінің бірі жұртшылықты алаңдатып отыр. Көпірдің кейбір бетон тіреулері үгітіліп, көзге көрінерліктей зақымданған. Бұл өткелмен күн сайын мыңдаған көлік қозғалады, сондықтан тұрғындар құрылымның құлап кету қаупі бар деп дабыл қағуда. Дегенмен, жергілікті билік өкілдері жағдай бақылауда екенін айтып, көпірдің апатты жағдайда емес екенін мәлімдеді. Ал өткелге ағымдағы жөндеу жұмыстары келесі айға жоспарланған. Дегенмен, қауіпсіздікке алаңдаған жұрт жауапты органдардан нақты әрекет күтеді.

Қаланың күре жолдарының бірі саналатын Бұқар жырау даңғылы бойындағы көпірдің техникалық жай-күйі тұрғындарды алаңдатуда. Көпшіліктің айтуынша, өткелдің бетон тіреулері мүжіліп, арматуралары ашылып, тот баса бастаған. Жылдар бойы күтім көрмеген көпірдің қазіргі кейпі — қауіптіліктің нақты көрінісі. Жел мен жауын-шашынның әсерінен металл бөлшектерінің одан әрі тозуы — қайғылы жағдайға себеп болуы мүмкін. Айта кетерлігі, бұл көпір өткен ғасырдың 70-жылдары салынған, ол кезде қазіргідей көлік ағыны болмаған. Бүгінде тәулігіне мыңдаған көлік өтетін өткелге түсіп жатқан салмақ нормадан асып кеткен. Мамандардың пікірінше, көпірдің апаттық жағдайға ұшырау қаупі жоғары, сондықтан шұғыл түрде жөндеу немесе жаңғырту жұмыстарын жүргізу қажет.

— Мұның барлығына жөндеу жұмыстарын жасау керек. Анау жердегі ашық тұрған арматура болмайды. Оныда жабу керек. Арматураны кемі 5 сантиметр бетон жауып тұру керек. Болмаса, ертең тот басады. Ол сосын ертең мүмкіншілігі әлсірейді. Оның барлығын реттеу керек. Сосын әлгі неше түрлі жаңа технологиялар бар. Бетон деген мынау тірі организм сияқты. Оны құлатып тастап, жаңадан салуға болады немесе емдеуге болады, -деді Құрылысшылар қауымдастығының президенті Төлеген Әшімов.

Биыл Бұқар жырау даңғылы бойындағы көпірге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге бюджеттен 150 миллион теңге бөлінген.

— Көпір берік тұр. Ешқандай қауіп жоқ. Алдымен үстіндегі қуыстарын бітеп, тегістейміз. Содан кейін тіреу бетонындағы арматурасы ашық тұрған жерлерін ретке келтіреміз, -дейді қалалық ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Григорий Ботнарь.

Жыл сайын Оңтүстік-Шығыс бөлігінің кеңейіп, құрылыстың қарқын алуына байланысты кем дегенде екі жол өткелін салу қажет, – дейді жауапты мамандар. Ал Майқұдықтағы теміржол арқылы өтетін ең тығыз айналма жолдардың біріндеде көлік қозғалысы үнемі көп. Әсіресе, таңертең және кешкі қарбалас уақытта. Кей кездері жүргізушілерге пойыз өтіп кеткенше 20 минуттай күтуге тура келеді. Сондықтан бұл аумақта да жол өткелін салу жоспарланып отыр. Жобасы дайын. Бірақ нақты құрылыс қашан басталатыны белгісіз. Себебі, қомақты қаржы қажет. 2024 жылы Қарағанды қаласындағы барлық 13 жол өткелі тексерістен өтті. Соның ішінде биыл екеуіне күрделі жөндеу жүргізіледі, қалғандарында ағымдағы жөндеу жұмыстары жоспарланған.

Жұпар ТОНТАЙТЕГІ,

«QH»