Көпқабатты үйді басқару – пайда ма, парыз ба?
Көпқабатты үйлерді басқару мен ұстауға төленетін ай сайынғы төлемдерді есептеу тәртібін өзгертетін тұрғын үй заңнамасындағы түзетулер күшіне енді. Енді үйлерді басқару органдарының төрағаларына төленетін жалақы осы төлемдердің құрамына еніп, ең төменгі тарифтерді мемлекеттік органдар — нақтырақ айтқанда, жергілікті мәслихаттар белгілейтін болады.
Билік өкілдері бұл жаңалықты тұрғындардың мүддесін қорғауға бағытталған реформа деп түсіндірсе, сала мамандары мен қоғамдық ұйымдар бұл әдістемеге күмәнмен қарайды.
«Мемлекет жалақыны реттемеуі керек»
ПИК төрағаларының көбі бұрыннан бұл жұмысты символикалық ақыға немесе мүлде тегін атқарып келген. Ал енді олардың еңбекақысын жергілікті әкімдік деңгейінде шектеу – кейбірінің наразылығын туғызды.
– Әкімдіктердің бізге жалақы белгілеуге құқығы жоқ. Бұл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дағдарысқа әкелуі мүмкін. Себебі тәжірибелі мамандардың көбі бұл жүйеден кетуге дайын, – дейді «Гарант-2050» ПИК төрағасы Игорь Романко.
Төлем АЕК-пен есептеледі
Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері комитетінің мәліметінше, бұрын да ең төменгі төлем мөлшерін мәслихаттар бекіткен, тек жаңа нұсқада тариф АЕК-ке (айлық есептік көрсеткіш) байланған. Бұл сома жыл сайын автоматты түрде өсіп отырады.
– Егер жақсы жағдайда өмір сүргіміз келсе, тек ең төменгі тарифпен үйді күтіп ұстау мүмкін емес. Онда тек 4–5 негізгі қызмет түрі қамтылған. Ал қосымша қызметтердің құнын тұрғындардың өзі есептеп, бекітуі тиіс, – дейді басқарма басшысы Қызғалдақ Медетова.
Яғни, мәслихат бекіткен тариф – тек базалық деңгей. Үй тұрғындары өздері қосымша қызметтерге ақша бөлу арқылы сапаны жақсарта алады.
«Әдістеме шынайы өмірге сай емес»
Алайда Қарағанды облысындағы ТКШ қауымдастығы бұл әдістемені өмір талабына сай емес деп санайды. Себебі онда инженерлік желілерді тексеру жылына бір рет, ал аула тазалығы айына бір рет деп көрсетілген.
– Бұл барып тұрған абсурд. Күнделікті тексеріссіз апатты жағдайдың алдын алу мүмкін емес. Егер бәрін осы әдістеме бойынша істесек, тұрғын үй қоры күйрейді, – дейді қауымдастық басшысы Людмила Галюкевич.
Төмен тариф – тозған үй
Жаңа ереже бойынша, ескі үйлерге 1,5-1,7 коэффициент қолданылады, яғни олардың тарифі жоғарырақ болады. Бұл – үйдің жағдайына қарай әділ бөлінген шара. Төрағаның жалақысы, банк қызметтері, салықтар мен кеңсе шығындары да тариф құрамына енеді.
Сарапшылардың айтуынша, тұрғындар өз үйінің сапалы қызмет көрсетуін қаласа, жиналыс өткізіп, шынайы шығындарға сай тариф бекітуі тиіс. Өйткені ең төменгі төлеммен үйді ұстап тұру – іс жүзінде мүмкін емес.
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
«QH»

